Қазақстан мен Қытай атом энергетикасы бойынша жаңа кезеңге өтті

Фото: gov.kz

Қазақстан мен Қытай атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Астанада өткен Қазақстан–Қытай бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысында екі елдің өкілдері азаматтық ядролық энергетика бағытындағы серіктестіктің келешегін талқылады, деп хабарлайды «24KZ».

Кездесуге Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мен Қытайдың Мемлекеттік энергетика істері басқармасының басшысы Ван Хунчжи тең төрағалық етті.

Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, жаңа технологиялар енгізу және салалық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылап, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін мәлімдеді.

Отырыс қорытындысында арнайы хаттамаға қол қойылып, Қазақстан мен Қытай арасындағы атом энергетикасы саласындағы болашақ бірлескен жобалардың негізгі бағыттары белгіленді. Бұл құжат екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам ретінде бағалануда.