Қазақстан – Черногория байланысы нығаяды
Қазақстанға Кәрі құрлықтың «Қаратауынан» қонақтар келді. Астанаға сапарлаған Черногория Президенті саясаткерлерімен бірге қалталы кәсіпкерлерін әкеліпті.
Балқан түбегіндегі мемлекет сауда һәм экономикалық серіктестікке серпін бергісі келеді. Тиімді ұсынысты қарастыруға Қазақстан да дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев пен әлемдегі ең жас Президенттің бірі Яков Милатовичтың келіссөзі қалай аяқталды?
Черногория - 600 мыңнан аса халқы, славяндарға жақын салты бар шағын мемлекет. Теңіз бен тау арасындағы аядай жерде орналасқан. Экономикасы тұрақты, қазынасы қоңды, бірақ туризмге тәуелді. Мемлекет табысының 30 пайызға жуығы осы сектордан түседі. Тиісінше, шетелдік инвесторларға ашық. Одан бөлек Адриатика жағалауында шамамен 20 елге жол ашатын бірнеше порттары бар. Демек Еуропа Одағының қақпасы ретінде қарастыруға болады. Қысқасы, Балқан түбегінде бос жатқан әлеует көп. Сол мүмкіндіктерді Милатович өзімен бірге ала келді. Кәрі құрлықтың «Қаратауынан» келген қонақтарға Сарыарқа салтанат көрсетті. Ал Черногория президентін Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.
Қазақстан мен Черногорияның сауда және іскерлік бағытта ауқымды келісімдер жасауға мүмкіндігі мол. Дегенмен тараптар әлі күнге дейін сол әлеуетті толыққанды пайдалана алмай келеді. Енді Яков Милатовичтың сапары осы серіктестікке серпін береді деген пікірлер бар. Дәл қазір президенттер делегациямен танысып жатыр. Делегация құрамына қарап бүгінгі келіссөздердің көкжиегін аңғаруға болады.
Яков Милатович − жас Президенттердің бірі. Ол 1986 жылы туған. Экономиканың тетігін тартып, түйінін табады. Жетік меңгерген. Салықты азайтып, жалақаны көтеруге қатысты реформаларға бастамашылық жасаған. Өзімен бірге көлемді делегация ерте келіпті. Дегенмен, келіссөзді саясаткерлер жеке кездесуден бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарға ерекше мән беретінін айтып, келісімдер келелі болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді.
Бұл Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Осы ретте Яков Милатович шақырту үшін алғыс айтып, байланысты бекітуге бейіл екенін мәлімдеді.
Яков Милатович, Черногория Президенті:
- Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз.
Кейін кездесуге делегация қосылды. Келіссөздер саяси һәм сауда байланыстарына басымдық берлді. Черногория Еуропа Одағына кіруге басты үміткерлердің бірі. Бірлестіктің мүшесі атануға күш салып жатыр. Мемлекет басшысы бұл саясатты жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз.
Черногория 2028 жылы Одақтың толық мүшесі атануы мүмкін. Яков Милатович бұл бастаманы ықпалдастықты нығайтатын тағы бір алаң ретін қарастырады. Айтпақшы, бүгін екі елдің бизнес өкілдері кездеседі. Сауда палаталары арасында Өзара түсіністік туралы меморандум қабылдау жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың іскерлік қатынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Бұл пікірді қонақ та құптады. Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайтуға келісіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландырудағы ортақ жобалар жайын қарастырды.
Яков Милатович, Черногория Президенті:
– Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын.
Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығы ашылды. Келіссөз кезінде осы іске ықпал еткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Яков Милатовичке ризашылығын білдірді.
Саясаткерлер туризмді бірлесе дамытуға келісті. Оған қоса жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестікті ілгерілетуге уағдаласты.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев