Түркістанда ТМҰ Жоғарғы соттарының форумы өтті
Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғары соттарының екінші форумы өтті.
Алқалы жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның сот жүйесіндегі басшылары жиналды. Форумның негізгі тақырыбы сот төрелігін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және инвестицияларды қорғауға бағытталды.
Алқалы жиында Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға жолдаған құттықтауын оқып берді. Президент өз хатында сот жүйесін цифрландыру мен инвесторлар құқығын қорғаудың маңызын атап өткен. Елде соңғы 15 жылда қалыптасқан IT-инфрақұрылым сот ісіне жасанды интеллектіні енгізуге жол ашты. Бұл «Болашақ соты» тұжырымдамасына көшуге мүмкіндік беріп отыр.
Исмаил Хакки Сайин, Түрік Республикасы Мемлекеттік кеңесінің сегізінші алқа төрағасы:
- Инвестор үшін шикізат пен нарық қаншалықты маңызды болса, құқықтық қауіпсіздік одан да жоғары тұрады. Себебі капиталы заңмен қорғалатынына көзі жетпеген инвестор ешқашан тәуекелге бармайды. Сондықтан құқықтық кепілдік - инвестиция тартудың негізгі шарты.
Форумда жасанды интеллект негізіндегі жаңа жобалар таныстырылды. Олардың қатарында құжаттарды автоматты дайындау және дауысты мәтінге айналдыратын аудио-бейне тіркеу жүйелері бар.
Шерафеттин Озюрур, Түрік Республикасы Кассациялық сотының 10-шы азаматтық алқа төрағасы:
- Ортақ тарих пен мәдени мұра негізінде құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы сот жүйесі, экономика, кеден, туризм, білім беру және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты дамытуда. Сонымен қатар сот тәжірибелері бойынша өзара ақпарат пен тәжірибе алмасу, құқықтық қолдану мәселелерінде ынтымақтастықты нығайту бүгінде ерекше маңызға ие болып отыр.
Жиында инвесторлар құқығын қорғау мәселесі сөз болды. Бұл ретте елдегі әкімшілік әділет реформасы жоғары бағаланды. Қазақстан тарапы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге «Бірыңғай цифрлық платформа» құруды ұсынды. Шетелдік әріптестер бұл бастаманы бірауыздан қолдады.
Ибрагим Таджиев, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы:
- Соңғы жылдары Өзбекстан Республикасының сот жүйесінде цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп келеді. Бұл сот өндірісі мен сот төрелігінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, қаржылық шығындар азайды.
Форум қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің делегация басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжат цифрлық сот төрелігін дамыту мен киберқауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Келесі басқосу 2027 жылы Қырғызстанда өтеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Қуаныш Әбуов, Нұрмахан Мұсатов