Бүгін – жаңа Конституция күшіне енді
Елдің басты құжаты - Жаңа Конституция күшіне енді. Мұны ҚР Конституциялық соты ресми жария етті. Жаңа Коституция - мемлекет дамуындағы тарихи кезең.
Жаңа Ата заңда жаңашылдық көп. Атап айтқанда, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілетуге аса мән берілген. Қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр. Бірақ еліміздің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді. Сонымен қатар Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен қызметі, астананың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық Сот, сот жүйесі, арнаулы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылыстың өзге де мәселелері енгізілді. Ал Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару құқығына ие халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Адам құқықтарын қорғау үлгісі де елеулі түрде жаңартылды. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда, цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.