БҰҰ «Жусан» мен «Русафа» операциясын жоғары бағалады

Қазақстанның «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Еліміз Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарынан азаматтарымызды елге әкелу, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу бойынша іс-шараларды Нью-Йоркте өтіп жатқан Терроризмге қарсы жұмыс апталығында таныстрды. Жиынға Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко бастаған делегация қатысты. Пленарлық отырыста «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматтың бірі өз өмір жолы мен қоғамға қайта бейімделуден түйгенін баяндады. Алда қазақстандық делегация  Біріккен ұлттар ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын жаңарту жөніндегі келіссөзге қатысып, бірқатар мемлекетпен арнайы іс-шара өткізеді.

Станислав Василенко, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

- «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Қазақстан Сирия мен Ирактан 700-ден астам азаматын елге қайтарды. Олардың басым бөлігі - әйелдер мен балалар. Елге оралғаннан кейін оларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазақстандық тәжірибе БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Еліміз онымен бөлісуге дайын.

Ернар Маусымбеков, «AQNIET» Ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының өкілі:

- Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш ашқан жоғарғы деңгейдегі конференцияда қақтығыс аймақтарынан қайтарылған адамдарды бейбіт өмірге қайта бейімдеу әлемдегі өзекті мәселелердің қатарына жатқызды. Осы ретте қазақстандық тәжірибені дүниежүзіндегі ең әсерлі жұмыстардың бірі ретінде сипаттап, басқа елдерге оны зерттеп, қолдануға шақырды.