Алматыда ғалым-заңгерлер жаңа Конституцияны талқылады

Елдегі конституциялық реформа мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың және демократиялық құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың маңызды кезеңіне айналды.

Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық конференцияда айтылды. Ата заңның артықшылықтарын талқылауға жетекші ғалым-заңгерлер, мемлекеттік органдар мен сот қауымдастығының өкілдері, жас зерттеушілер қатысты. Жаңа Конституция азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін арттыруға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Заңгерлер қауымдастығының міндеті басты құжаттың негізгі қағидаттары мен жаңалықтарын халыққа жеткізу, - дейді сарапшылар.

Уәлихан Ахатов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Заң факультетінің деканы:

- Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект, цифрлық дәуір деп жатырмыз. Осы бағытта адамдардың цифрлық құқықтарын кепілдендіру, мемлекет тарапынан кепілдік беру халықтық Конституцияның өзінің маңыздылығын арттырады деп ойлаймын.