СІМ Қазақстаннан шабуыл дрондарының ұшырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

фото: ҚР СІМ

Ресейлік БАҚ-та жарияланған Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшатын аппараттардың (дрон) ұшырылғаны туралы ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі арандатушылық деп атады, деп хабарлайды «24KZ».

«Соңғы уақытта жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей Федерациясы аумағындағы объектілерге шабуыл жасау кезінде қолданылған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды ұшыру үшін Қазақстан Республикасының аумағы пайдаланылуы мүмкін деген арандатушылық мәлімдемелер таратылуда. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын және ешқандай деректермен немесе фактілермен расталмайтынын жауапты түрде мәлімдейді», – делінген Қазақстан СІМ мәлімдемесінде.

СІМ мұндай жарияланымдарды Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз жорамалдар деп бағалады.

Министрлік Қазақстанның тату көршілік, өзара құрмет және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген бейбітсүйгіш әрі теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық құқық нормаларын және халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындайтыны айтылды.

«Қазақстан Республикасы өзінің аумағы, әуе кеңістігі және инфрақұрылымы басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін емес деген ұстанымды басшылыққа алатынын баса айтамыз. Осыған байланысты БАҚ өкілдері мен басқа да тұлғаларды тек тексерілген фактілерді басшылыққа алуға және шынайы емес ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырамыз», – делінген мәлімдемеде.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз