Қазақстан Жапониямен серпінді жобаларды жүзеге асыруға дайын
Қазақстан Үкіметі Жапониямен жаңа серпінді жобаларды жүзеге асыруға дайын.
Еліміз жапон капиталын тартып, озық технологияларын алуға және өндірістерді локализациялауға да жан-жақты қолдау көрсетуге бейіл. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов, Кейданрен Жапония бизнес федерациясының делегациясымен кездесуде айтты. Mицуй Оу-Эс-Кей Лайнс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Такэши Хашимото ай-ти және цифрлық трансформация салалары үшін, жоғары білікті кадр даярлау бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды дамытуда, ынтымақтастық әлеуеті зор екенін атап өтті. Кездесуде Орта дәлізді және Каспий теңізінің порттық инфрақұрылымын дамыту, энергетика, өнеркәсіптік кооперация және өзге де бағыттардағы әріптестікті кеңейту жолдары талқыланды. Мемлекет басшысының 2025 жылдың желтоқсанында, Жапонияға жасаған ресми сапарында құны 3,7 млрд доллардан астам сомаға 47 екі жақты коммерциялық құжатқа қол қойылған болатын.