ЖСДП сайлауалды штабы жұмысын бастап кетті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да Астанада орталық сайлауалды штабын ашты. Іс-шара барысында үгіт-насихат және үйлестіру жұмыстары мен Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар туралы айтылды.

Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сайлаушылармен байланыс орнатуға арналған бірегей жобалар да ресми түрде іске қосылды. Олардың қатарында халықтың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясына жолдайтын ұсыныстары мен өтініштерін жинауға арналған пошта жәшігі және әр ниет білдірушіге сөз сөйлеу мүмкіндігі берілетін бейне бөлме бар. Партияның сайлау тізіміне барлығы 33 кандидат енгізілді. Сондай-ақ жиында «Прогреске апарар жолдағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Әділетті мемлекет қалыптастыру, адам мүддесіне қызмет ететін экономиканы дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және Қазақстанды цифрлық дәуір мен жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайында дамыту бағдарлама-ның негізгі міндеттері саналады.

Наурыз Сайлаубай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының президиум мүшесі:

- Біздің 33 кандидатымыз бар. Әр өңірдегі филиал төрағалары кандидат. Осы штабпен басқару арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырады. Сондықтан қандай да сұрақ болса, қандай да үгіт-насихат та проблемалар болса, мәселе туындаса осы штаб арқылы келісіп, жауап аласыздар.