Қарағанды облысында сайлау учаскелерінің дайындығы пысықталды
Қазақстанда алғаш рет өндіріс процесі үздіксіз жүретін кәсіпорындарда сайлау учаскелері ашылып жатыр. Бұл жаңашылдық алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысында енгізілді.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірдегі сайлауға дайындық барысымен танысты. Ол жаңадан ашылған дауыс беру учаскелерін аралап, Құрылтай депутаттарын сайлауға әзірлік деңгейін бағалады.
Қарағанды облысында барлығы 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның төртеуі – өндіріс орындары мен вахталық кентте жаңадан құрылған учаскелер. Бүгін олардың сайлауға дайындығын Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бағалады.
Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Атырау облысында, Ақмола облысында өндірістерде осындай жаңа учаскелер ашылып жатыр. Жалпы бүгінгі таңда осы компанияға 9 учаске ашылып жатыр. Ол жердегі тізімде тұрған сайлаушылардың саны металлургтер, олардың саны 12 300-ден асады.
Жаңа сайлау учаскелерінің бірі Теміртаудағы Qarmet кәсіпорнында ашылды. Мұнда 1967 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру күні өзге цехтардың қызметкерлері учаскеге арнайы автобустармен жеткізіледі.
Медет Мағжанов, өндірістің ауысым шебері:
- Қазір бізге «QARMET» басшылығы үлкен қолайлы жағдай жасап отыр. Олар өзінің жұмыс орнында жұмыс үрдісін үзбей уақытын тиімді пайдаланып, жұмыста бекітілген сайлау учаскесінде өзінің азаматтық таңдауын жасап дауыс бере алады.
Нұрлан Әбдіров сондай-ақ өңірдің сайлауға дайындығын пысықтауға арналған кеңес өткізді. Жиында сайлаушылар тізімін нақтылау, сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит