Құрылтай сайлауы: партиялар мен еңбек ұжымдары өзара пікір алмасты

Елде сайлауалды үгін-насихат жұмыстары қыза түсті.

Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырып жатыр. Саяси бірлестік мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр. Партиялардың өкілдері кәсіпорындарға, өндіріс ошақтары мен еңбек ұжымдарына барып, кездесулер өткізді.

«Әділет» партиясының кандидаттары тұрғындармен кездесті

Қызылордада «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар жұртшылықпен кездесті. «Өнер орталығында» өткен жиынға зиялы қауым, ұстаздар, дәрігерлер мен мәдениет саласы қызметкерлері қатысты. Кездесуде мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру мен Халық кеңесінің ролін арттыру, орта бизнесті дамыту мен офтейк келісім-шарттардың маңызы туралы сөз болды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты, экологиялық қауіпсіздік, ана  мен бала денсаулығын қорғау мәселелері қамтылды. Өңірдің зиялы қауым өкілдері, білім мен мәдениет саласының мамандары, ардагерлер көкейтесті мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Үнзила Шапақ, «Әділет» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат: 

- Барлық жұртшылықтың өкілдерімен кездесеміз. Университеттегі ғалымдармен, ұстаздармен, нақты реальный өндіруші секторлардың азаматтарымен де кездесіп, өзіміздің «Әділет» партиясының бағдарламасында анықталған негізгі құндылықтарға, бағыт-бағдарларға тоқталып өтетін боламыз. Бұл бағдарламамен таныстыру барысында біз жұртшылықтың да пікірін тыңдап жатырмыз. Олардың тарапынан да көптеген ұсыныстар беріліп жатыр.

Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен кездесті

Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Тараздағы бірнеше еңбек ұжымдарымен кездесті. Алдымен олар металлургия зауытына барып, өндіріс барысымен танысып, кәсіпорын жұмысшыларымен пікір алмасты. Кейін партия өкілдері құс етін өңдеу зауытында болып, еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесулер барысында кандидаттар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамытуға бағытталған бастамаларды таныстырды. Саяси жиын кезінде сайлаушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныс- пікірлерін ортаға салды.

Олжас Құсбеков, Respublica партиясы төрағасының орынбасары:

- Халық өте белсенді. Халықтың үкіметке сенімі үлкен, артқан. Конституциялық өзгеріс болды, одан кейін қазір Құрылтай сайлауы бар. Соған үлкен сенімлері бар. Кандидаттарға арқалатып жатқан үлкен аманаттары бар. Соны біз халықпен кездесіп, өзімізге жинап осы халықтың ертеңгі мұң мұқтажын құрылтайдың мінберінде талқылап шешімін іздеуге тырысамыз.  

ҚХП өкілдері еңбек ұжымымен кездесті

Қазақстан Халық Партиясының өкілдері  Риддер қаласына барып, ондағы жол-құрылыс мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен саяси ұйым мүшелері жиналғандарға алдағы Құрылтай сайлауы жайлы ақпарат беріп, партия бағдарламасымен таныстырып шықты. Қарапайым жұмысшылармен  жүздесу барысында адам құқығының қорғалуы, өндірістегі техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы, кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі туралы әңгіме қозғалды. Кеншілер шаһары саналатын Риддерде 50 мыңнан аса халық тұрады. Жиынға келген тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойып, ұсыныстарын да ашық білдірді. Сонымен қатар транспорттық және әлеуметтік инфраққұрылым сапасын арттырып, шағын қалаларды дамытуға ден қойылса, деген ойларын айтты. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұртты алаңдатқан басты мәселенің бірі болды. 

Ләззат Сүлеймен, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Белсенді кездесу өтті және азаматтар әсіресе әйелдер өте өзекті мәселелерді қозғады. Бұл жерде өте өзекті көтерілген мәселелердің бір ол өндірістік қауіпсіздікті қорғау,жай азаматтардың үйлеріне,бала-шағасына аман-есен келуін мемлекет тарапынан, жұмыс берішулер тарапынан қамтамасыз ету мәселесі.  

«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері  бизнес-орталық ұжымымен және жалға алушыларымен кездесті. Жиналғандарға саяси ұйымның тұғырнамасы таныстырылып, негізгі басымдық берілген бағыттар туралы айтып берді. Сонымен бірге отандық спорт пен шағын және орта бизнесті қолдау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жайы талқыланды. Қатысушылар жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, банкроттық жариялауға қатысты сұрақтарын қойды.

Мейрамгүл Қабдығалиева, "Ақ Жол" демократиялық партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

- Тыңдармандарымызға біздер өзіміздің бағдарламамыз жөнінде және партиямыздың қолжеткізген нәтижелері, жоспарлары туралы айтып кеттік. Біздің «ақ жолдастарымыз» қазіргі кезде белсенді жұмыс істеуде. +Әрбір еңбек ұжымдарымен, шағын және орта бизнес өкілдеріменен, үлкен өндірушілермен кездесуде сол партиямыздың бағдарламасымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 

"Ауыл" партиясының мүшелері еңбек ұжымымен кездесті

«Ауыл» партиясының кандидаттары Қарағанды облысына келіп, аграрлық сала өкілдері және кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Алдымен астықты терең өңдеуге, бидайдан наубайханалық ұн мен жарма өндіруге маманданған «Ақжайық 2011» өндіріс орынына барды. Кездесу барысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын қолдау сынды мәселелері талқыланады. Одан кейін Нұра ауданына қарасты Қазақстандағы алдыңғы қатарлы элиталық тұқым өсірумен айналысатын және көпсалалы «Шахтерское» ауыл шаруашылығы жұмыскерлерімен жолықты. Кездесу барысында «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, түсіндірілді. 

Қайрат Айтуғанов, "Ауыл" партиясының төрағасы:

- Осы мекеменің 16 000 гектар жері бар. Бидай арпа, сеуіп жатыр. Ол  ұн, құрама жем болсын бәрін төрт мемлекетке шығарып жатыр. Осы халықпен кездескенде, көп ұсыныс айтылады, ең көп ұсыныс бірінші мәселе ол жол мәселесі, су мәселесі, интернет мәселесі. 

"Байтақ" партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары

"Байтақ" жасылдар партиясы жаңа мүшелермен толықты. Бүгін елуге жуық адам партия құрамына өту туралы өтініш берді. Олардың қатарында экологтар, ғалымдар, әскери қызметшілер және түрлі сала өкілдері бар. Іс-шара барысында Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

Ал Алматыда "Байтақ" партиясының өкілдері Алматы ауыр машина жасау зауытының қызметкерлерімен кездесті. 85 жылдық тарихы бар бұл кәсіпорында бүгінде 350-ге жуық адам еңбек етеді. Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, басым бағыттарды  баяндады. Еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Ашық диалогтың басты тақырыбы экологиялық ахуалды жақсарту. табиғатты қорғаумен қатар, отандық өндірісті дамыту болды. Партия өкілдерінің айтуынша, осындай кездесулер халықты толғандыратын мәселелерді естуге мүмкіндік береді.

Владимир Мартель, "Байтақ" партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Бүгін біз Алматы қаласының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде таза ауа мәселесін талқыладық. Сонымен қатар атом электр станциясының құрылысы және Қазақстан үшін экологиялық таза энергия өндірудің қажеттілігі туралы пікір алмастық. 

ЖСДП өкілдері аймақтарда кездесулер өткізді 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері Қарағандыда жастармен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында білім мен ғылымды дамыту, жас мамандарға қолдау көрсету, инновация мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Басқосуда еңбекпен қамту, кәсіби қалыптасу, мансаптық өсу, жастарды қоғамдық өмірге тарту туралы сөз болды. 

Социал-демократтардың атынан Құрылтай сайлауына түсіп жатқан кандидаттар Көкшетаудағы мектептердің бірінде болды. Ұстаздармен кездесу  кезінде инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды дайындау мәселесі талқыланды. Сонымен қатар мұғалімдерге қолдау көрсету, олардың мәртебесін көтеру және жұмыс жағдайын жақсарту туралы әңгіме қозғалды.

Ілияс Жанғали, ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Бұл көбінесе аутизммен шалдыққан ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар және оған біз, біздің мұғалімдер инклюзивті білім беру курстарын тегін өтіп, сол сұрақтар бойынша біз мәселені көтерген болатынбыз. Қазіргі таңда біздің өмірімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалынды. Бірақ оны әрі қарай дамыту үшін бізге қарқынды жұмыс жасауымыз керек.