Партия өкілдерінің теледебаты өтті

«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен теледебат өтті.

Сөз сайысының негізгі тақырыбы - білім беру жүйесін дамыту. Жоба жаңа интерактивті форматта ұйымдастырылған. Кандидаттар өз ұсыныстарын таныстырып, өзекті мәселелерді талқылап, көрермен сұрақтарына жауап береді.

7 арна ұйымдастырған сөз сайысы 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ашық пікірталасқа қатысты. Екінші кезең білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналды. Ал қалған екі кезеңде қатысушылар студиядағы көрермен сұрақтарына жауап беріп, сайлаушыларға қорытынды үндеу жасады. 

Илхам Ибрагимов, "Жетінші арна" телеарнасының бас директоры:

- Ерекшелігі біздің дебаттың әлеуметтік желідегі, ғаламтордағы барлық көрермен бұл дебаттың қатысушысы ретінде өзін сезінеді. Неге өйткені олардың пікірлері, қойған сұрақтары экранда оның басым бөлігі студияда қойылады. 

Дебаттың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту. Сөз сайысында партия өкілдері шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, халықаралық және қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білімнің онлайн экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыруды ұсынды.

Салтанат Әскербекқызы, PR-сарапшы:

- Мен ешқандай партияда емеспін. Дегенмен, қолдауға келдім, тыңдауға келдім. Әрине дебат деген өте керек. Себебі ойға ой қосылады. Салыстыру, сөз таластыру арқылы партиялар бірін бірі толықтырады.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрерменнің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру ұйымдастырылған. Сайлаушылар «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап берді. 

Әлішер Әли