Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қызу жүріп жатыр

Мәселен, Францияда тұратын немесе осы елге жұмыс, оқу және саяхат мақсатымен келген Қазақстан азаматтары Парижде Елшілік жанындағы Консулдық ғимаратында ашылатын сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Құрылтай депутаттарын сайлау үшін Қазақстанда және шетелде барлығы 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Соның 82-сі әлемнің 64 елінде ашылады. Франциядағы нөмері 410-шы сайлау учаскесі Париждің атақты Елисей алаңының қасында, Қазақстан консулдығында орналасқан.

Бұл – Франция аумағындағы жалғыз сайлау учаскесі. Қазіргі таңда сайлаушылар тізімінде 130 адам бар. Дегенмен мұнда тек консулдық есепте тұрған азаматтар ғана емес, Францияға уақытша келген немесе саяхаттап жүрген Қазақстан азаматтары да дауыс бере алады. Тек төлқұжаты немесе жеке бас куәлігі болса жеткілікті.

Болат Өтеген, Франциядағы Қазақстан Елшілігі жанындағы № 410 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Негізі кез келген Франция аумағында жүрген я болмаса тұратын тұрақты Қазақстан азаматтарының сайлау құқығын шектемеу мақсатында бүкіл қазақстандық азаматтарды жарамды төл құжатпен қабылдаймыз сайлауға. Қазіргі кезде Елшілік тарапынан сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстары күнделікті жүріп жатыр. Осында тұрып жатқан қазақстандықтар қазір білсе, тіркеліп, өздерінің мәліметтерін осы комиссия мүшелеріне беруге болады, ал Қазақстаннан келетіндер болса, оларды сол келген күні жарамды құжатымен қабылдай береміз.

Еуропадағы сайлаушылардың едәуір бөлігін осында білім алып жүрген қазақстандық студенттер құрайды. Алайда сайлау күні жазғы демалыс кезеңіне сәйкес келгендіктен, олардың бір бөлігі дауысын елде береді. Сонымен қатар Францияда тұратын қазақ диаспорасының өкілдері де сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға ниетті.

Дана Қуанышбек, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілі:

- Қазіргі уақытта Парижде тұрсам да, Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге бей жай қарамаймын. Сайлауға қатысу мен үшін - өз елімнің өмірімен байланыста болудың бір жолы. Сондықтан да партиялар туралы ақпаратты қадағалап, түрлі дереккөздерді қарап, өз құндылықтарым мен көзқарастарыма сай таңдау жасағым келеді.

Дауыс беру барысының заң талаптарына сай өтуін сайлау комиссиясының мүшелерімен қатар халықаралық байқаушылар да қадағалайды. Париждегі сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде ашылып, кешкі сегізде жабылады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан