Түркістан облысында сайлауға дайындық жұмыстары пысықталды

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.

Нұрлан Әбдіров алдымен Түркістан мен Кентау қалаларындағы сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Аралау барысында материалдық-техникалық базасы мен дауыс беру кабиналарының жай-күйін тексеріп шықты. Сондай-ақ учаскелік комиссия мүшелерімен әңгімелесіп, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, бюллетеньдерді қабылдауға дайындық және халықпен кері байланыс орнату жұмыстарын пысықтады. Сайлау күні келушілерге, әсіресе қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Сондай-ақ облыс орталығында мемлекеттік органдар мен аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерімен арнайы кеңес өткізіліп, дайындық барысы талқыланды. Кеңес барысында төраға сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге баса мән берді. Әрбір аумақтық комиссия басшысына сайлаушылардың конституциялық құқығын толық жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. 

Нұрлан Әбдіров, орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау жүйесі мүлдем өзгерді. Қазір Құрылтай тек партиялық тізімдермен құрылатын болып жатыр. Бұл сайлаудың негізгі ұйымдастырушылық сұрақтарының бәрі шешілді. Кешелі-бері Түркістан облысында учаскелердің дайындығын қарадым. Толыққанды, қажетті құрылымдармен бәрі қамтылған.