Үгіт-насихат науқаны басталғалы 2 аптадан астам уақыт өтті
Құрылтай сайлауына үгіт-насихат науқаны басталғалы 2 аптадан астам уақыт өтті. Партиялар қала мен ауыл-аудандарды аралауын жалғастырып жатыр.
Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
«Әділет» партиясының мүшелері семейліктермен кездесті
«Әділет» партиясының өкілдері Абай облысының орталығына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Өңірді дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Тозығы жеткен жылу және су құбырлары, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау және отандық ғылымды ілгерілету жөнінде әңгімелесті. Нарықта баға тұрақсыздығына жол бермеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, туризмді дамыту сұрақтарды да назардан тыс қалмады. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзекті түйткілдердің түйінін шешу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Бекжан Әлімқұлов, «Әділет» партиясынан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біз экономиканың түрлі секторындағы адамдармен кездесіп жүрміз. Оның ішінде қарапайым жұмысшыдан бастап, кәсіпкерлер мен мұғалімдерге дейін бар. Олармен жүздескен кезде өзекті мәселелер қозғалады. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық проблемаларға мән беріледі. Ауыл шаруашылығы саласында жүрген іскерлер де, зейнеткерлер де көкейкесті сұрақтарын қояды.
Respublica партиясы кандидаттарының кездесуі
Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Маңғыстау облысында бірқатар кездесу өткізді. Ақтауда еңбек ұжымдарымен жүздесіп, өндіріс орындарының әлеуетін арттыруға қатысты мәселелерді талқылады. Жиын барысында азаматтар баспана, жұмыспен қамту және еңбек қатынастарына қатысты көкейтесті сұрағын қойды. Кандидаттар сондай-ақ "Вест Хим Технолоджи" серіктестігі мен аймақта электр энергиясын таратумен айналысатын кәсіпорынға барды. Партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Жұмысшылардың ой-ұсынысын тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Мейрамгүл Мәдәлі , Respublica партиясынан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидат:
- Қазір 12-ші өңірге келіп жатырмыз. Халықпен кездесіп жатырмыз. Ең бастысы бізбен кездесуге келген азамат өз еркімен, өзінің ынтасымен келіп отыр. Бұл біз үшін аса маңызды. Келген кезде бізді ғана тыңдап тұрған жоқ. Халықтың ішінен азаматтар ойын айтып жатыр. Ұсыныстарын беріп жатыр.
«Ауыл» партиясының өкілдері агроөнеркәсіп саласының мамандарымен кездесті
«Ауыл» партиясының өкілдері агроөнеркәсіп саласының мамандары мен ғалымдарымен кездесті. Басқосуда ауыл шаруашылығын дамыту, отандық агроөнеркәсіптің әлеуетін арттыру және саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға 50-ге жуық адам қатысты. Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру және шаруаларды қолдау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ агросаладағы мамандардың ұсыныстары тыңдалып, саладағы проблемаларды шешу жолдары талқыланды. Партия өкілдері ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- Жыл сайын ғылымға қаражат көбейіп жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылықта көп. Ғалымдар жер мәселесін көтерді, су мәселесін көтерді, көп мәселені көтеріп жатыр. Қазір шешілмей жатқан оңай жолы бар. Көп сұрақ қойды, кооперативтер қалай құрылады, оның бәрін талқылап, сондай ұсыныстар беріп жатыр.
«Әйел дауысы – ұлт күші» форумы өтті
Елордада "Әйел дауысы – ұлт күші" республикалық сайлауалды форумы өтті. Оны Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұйымдастырды. Гендерлік саясат, әйелдер құқықтарын қорғау мен қоғамдық-саяси рөлі талқылаудың негізгі өзегіне айналды. Форумға партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Спикерлер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа бастамалар жайында пікірін ортаға салды. Құрылтай депутаттығына тіркелген 545 кандидаттың 172-сі – әйелдер. Бұл - үміткерлердің жалпы санының үштен біріне жуығын құрайды.
Раушан Аубакирова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біздің конституциямызға қарасақ, бізде барлық заң әйелдер мен ер азаматтарға бірдей. Сондықтан әйел адамға мүмкіндіктер туып жатыр. Қаншама директор, бас дәрігерлер, депутаттар, министрлер әйел адамдар. Біз әйелдерге арнайы артықшылық сұрамаймыз, біз тек қана тең мүмкіндік, құқық пен әділдікті сұраймыз. Соған байланысты бүгін сөз қозғалып жатыр.
«Байтақ» партиясының өкілдері ЖЭО-3 ұжымымен кездесті
Қалдықты қайта өңдеп, оны жаңа ресурсқа айналдыру қажет. "Байтақ" партиясының өкілдері Алматы облысындағы 3-ші жылу электр орталығы ұжымымен кездесуде осы мәселені көтерді. Олар циркулярлы экономиканы дамытуға басымдық беруді ұсынып отыр. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Кездесуде жылу энергетикасын жаңғырту мәселесі де талқыланды. Зиянды шығарындыларды қысқарту және ресурстарды тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар станция қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері көтеріліп, сауалдарына жауап берілді.
Ержан Жарылқасын, «Байтақ» партиясының мүшесі:
- Жиында жастар көп болды. Жастарды мазалайтын сұрақтар көп екен, әсіресе экология саласында. Өте қуанышты нәрсе. Себебі болашақ жастарамыздың қолында. Ең басты сұрақ АЭС туралы болды. Одан кейін қазіргі ТЭЦ көмірмен істейді, соны газға ауыстыру да талқыланды.