Астанадағы сайлау учаскелерінің дайындық деңгейі тексерілді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Астанадағы сайлау учаскелерінің дайындық деңгейін тексерді.

Нұрлан Әбдіров дауыс беру орындарын жабдықтау және оқыту мен ақпараттандыру сапасына мән берді.

Құрылтай күнде құрылмайды. Сондықтан сайлауды мінсіз өткізу орталық сайлау комиссиясының негізгі міндеті. Төрағасы Нұрлан Әбдіров ат терлетіп, облыстарды өзі аралап жүр. Кезек Астанада. 100, 104, 105 және 323-учаскелердегі ұйымдастыру жұмысын көрді, ұжымның біліктілігін байқады. Бәрі сақадай сай. Тек дауыс берушілердің дербес деректеріне мұқият болу керек. Тарап кетпес үшін трафарет қолданылады. Соңғы саяси науқандарда ішінара қамтылған еді. Енді жаппай енгізбекші.

Нұрбол Бәшіров, №100 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары:

- Сайлау комиссиясы қол қояды. Бұрын бәрі осылай ашық белгілейтін.

Айтпақшы, дауыс берерде абай болыңыз. Егер бюллетеньдегі таңдауыңызды елден бұрын таратсаңыз айыппұл арқалайсыз. Перде түрілгеннен кейін видеоға, суретке түсірмеу керек. Әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұдан соң Нұрлан Әбдіров мемлекеттік орган өкілдерімен кеңес өткізді.

Талғат Рахманберді, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Елордада 1 млн 14 мың 817 сайлаушы бар. 2 тамызда сайлаушылардың барлық тізімі сайлау учаскелеріне берілді. Қаламызда 520 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Барлық сайлау учаскелері байланыспен, сумен, электр желілерімен толық қамтылған.

Бірақ дала ыстық, учаскелер іші қапырық. Сондықтан Нұрлан Әбдіров желдеткіш немесе салқындатқышпен қамтуды ұсынды. Жедел медициналық көмекті де көбірек үйлестіруге кеңес берді.

Ғабит Мұқанов, Астана қаласының прокуроры:

- Заң талаптарын бұза отырып әлеуметтік сауалнама және үгіт насихат жүргізген үшін қаланың 3 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингі күшейтілді.

Сайлау күні 30 шағын халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда дауыс берушілердің белгіленген учаске тізімінде тіркелмеу  мәселесі дереу шешіледі.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Материалдық-техникалық жағынан әрбір 10 мыңнан аса елдегі учаскенің қамтылуы ол тікелей әкімдіктердің міндеті. Заңда солай көрсетілген. Сол әрбір бөлме қауіпсіздікпен толық қамтамасыз етілу керек. Бізде әрбір учаске тиісті актімен ТЖМ өкілдері жергілікті жердегі өзінің актісімен дәлелдеп беру керек. Иә, бұл қауіпсіз, бұнда жұмыс істеуге болады дегендей. Дауыс беру күніне біз сақадай сай болуымыз керек. Әрбір комссия, әрбір комиссия мүшесі.

Сайлаушылар тарапынан туындаған сұрақ жауапсыз қалмауы тиіс. Мәселен, учаске іздеу, одан тыс жерде дауыс беру, call-орталықтардың жұмысы, мүгедек жандар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігі бәрі назардан тыс қалмау керек. 

Нысаналы Ығыл, Аман Байғазин