Партиялардың қорытынды теледебаты 19 тамызда өтеді

Сайлау науқанының қорытынды телевизиялық пікірсайысы 19 тамызда өтеді. Дебат алаңы ретінде «24KZ» телеарнасы таңдалды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының 12-ші отырысында белгілі болды.

Бекітілген тәртіп бойынша пікірсайыс төрт кезеңнен тұрады: партияны таныстыру, оппоненттерге сұрақ қою, көрермендер сұрағына жауап беру және сайлаушыларға үндеу. Тіркелген жеті саяси партияның барлығы өз төрағаларының дебатқа қатысатынын растады. Сонымен қатар бүгін Орталық сайлау комиссиясы тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттегенін хабарлады. Олар 7 мемлекет пен 9 халықаралық ұйымның өкілдері. Осылайша, Құрылтай депутаттарын сайлауға тіркелген халықаралық байқаушылардың жалпы саны 656 адамға жетті. Аккредиттеу әлі де жалғасып жатыр.

Ләззат Сүйіндік, ҚР ОСК мүшесі:

- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша қорытынды пікірсайыстарды өткізу алаңы ретінде «Хабар» агенттігі» АҚ-ның «24KZ» телеарнасы айқындалды. Аталған телеарнаны  таңдау оның техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ақпаратты кең ауқымда тарату мүмкіндігіне байланысты. Бұл дебаттардың толыққанды телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етіп, оны барынша көп сайлаушының көруіне мүмкіндік береді.