Аида Балаева білім беру және балалардың жазғы демалысы мәселелерін қарады
Үкіметте Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Алдымен жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі балаларға әлеуметтік қолдау көрсету және оқушыларды қажетті мектеп құралдарымен қамту жұмыстарын баяндады. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп, тұрақты бақылауда екені атап өтілді. Аида Балаева жаңа оқу жылына дайындық барлық деңгейде кешенді тәсіл мен айрықша назарды талап ететінін айтты. Сондай-ақ негізгі міндеттер қатарында мектептерді инфрақұрылыммен уақтылы жабдықтап, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселелерін атады. Премьер-министрдің орынбасары жоспарланған шараларды сапалы өткізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру орындарындағы қауіпсіздікті қамту барысы айтылды. Оған қатысты өңірлер арасында озық тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Биыл 18 мыңға жуық бала, оның ішінде ауылдық жерлерден 5890 оқушы сауықтыру орталықтарында демалған. Аида Балаева балалардың қауіпсіздігі сөзсіз басымдық болып қала беруге және тұрақты бақылауда болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл тамақтанудың сапасынан бастап, балаларды тасымалдау талаптарының сақталуына, қоғамдық, санитариялық және өрт қауіпсіздігіне, су айдындары мен адамдар көп жиналатын орындардағы қауіп-қатердің алдын алуға дейінгі барлық мәселені қамтиды. Аида Балаева профилактикалық шараларды күшейтіп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және осы жұмысқа тартылған барлық қызметтің жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.