Елде сайлауалды үгін-насихат жұмыстары қыза түсті
Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырып жатыр. Саяси бірлестік мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр.
Партиялардың өкілдері кәсіпорындарға, өндіріс ошақтары мен еңбек ұжымдарына барып, кездесулер өткізді.
«Әділет» партиясы кәсіпкерлер форумын өткізді
Алматыда «Әділет» партиясы ірі автомобиль кәсіпорнының ұжымымен кездесу өткізді. 200-ден астам қызметкер отандық өндірісті дамыту, кадр даярлау және әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін талқылады. Сондай-ақ партия кәсіпкерлер форумын өткізді. Форумда жекеменшік мүлікті қорғау, шикізатты терең өңдеу, бизнеске жағдай жасау және кәсіпорындарға нақты қолдау көрсету сынды мәселелер талқыланды. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бұл бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды. Басқосуға елдің барлық өңірінен 800-ден астам бизнес өкілі қатысты.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- Жаңа Конституция экономика үшін бағдарды айқындап берді. Ол жекеменшікке қол сұқпау, заң үстемдігі және баршаға ортақ тең ережелер. Кәсіпкерлер үшін бұл қағидаттар тек заң жүзінде ғана емес, әрбір мемлекеттік органның шешімінде нақты жүзеге асуы тиіс. Сіздердің әрбір қабылдаған шешімдеріңіздің артында үлкен жауапкершілік тұр. Қарапайым адамдардың табысы, әлеуметтік төлемдері, сондықтан сіздің еңбектеріңіз бүкіл еліміздің дамуының алғышарты болып отыр.
«Ауыл» партиясының өкілдері мұнай-логистика компаниясының ұжымымен кездесті
Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері мұнай-логистика компаниясының ұжымымен кездесу өткізді. Аталмыш кәсіпорын өңірдегі зауыт өнімін теміржол арқылы үздіксіз тасымалдауға жауапты. Сапар барысында депутаттыққа кандидаттар өндіріс ошағының жұмыс барысымен танысты. Артынша сала мамандарымен басқосу ұйымдастырылып, логистиканың бүгінгі ахуалы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар тасымал тиімділігін арттыру жолдарын жан-жақты талқылады. Шара соңында жұмысшылар көкейдегі сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Талғат Айтбаев, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Тікелей өзіміздің ауылымызға келгендей деп айтуға болады. Келдік, үгіт-насихатты төрағаның өзі де көрсетті. Қазақстанда болып жатқан шаралардың барлығының нәтижесін айтты. Белгіленген сайлауға дайындық, сайлауалды бағдарламамен елді таныстырды. Қорытындылай келе, біз осындай үлкен мекемелерге де келіп жатырмыз.
«Байтақ» партиясы орман мәселелерін талқылады
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Қазақ орман орналастыру кәсіпорнының мамандарымен кездесті. Олар ұйымның жұмыс барысымен танысты. Кездесуде ормандардың жай-күйі, жасыл аумақтарды кеңейту және саладағы мәселелер талқыланды. Соның ішінде ұзақ уақыт далалық іссапарда жүретін мамандардың еңбек жағдайы сөз болды. Қатысушылар заңнаманы жетілдіру және жекеменшік орман қорын дамыту жайына да тоқталды. Партия мүшелері сайлауалды бағдарламаға енгізілген бастамаларын түсіндірді.
Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі:
- Бұл кәсіпорындағы көпшілік қызметкер – алматылықтар. Оларды қазір қаланың экологиялық мәселелері алаңдатады. Себебі бәріміз бір ауамен тыныстаймыз. Кептелісте бірге тұрамыз. Маған әсіресе ұжымдағы жас мамандардың пластик қалдықтарға алаңдайтыны қызық болды. Олар орман саласына қатысты сұрақтарды ғана емес, осы пластик мәселесін де шешуді айтып отыр.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері тұрғындармен кездесті
Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен форум өтті. Форум тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен мүлік иелері бірлестеріктерінің қызметіне арналған. Жиында тарифтердің ашықтығы, коммуналдық қызметтердің сапасы және көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқару мәселелері сөз болды.
Ал Қызылорда облысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері тұрғындарымен кездесті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Төретам кенті «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргесінде орналасқан елді мекен. Сондықтан бұл аумақ ерекше географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайға ие, - дейді партия өкілдері.
Ерғазы Қожақов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:
- Алдағы уақытта жинаған ұсыныс-пікірлерімізді осы бағдарламаны қамти отырып жүзеге асырамыз. Соны халыққа кеңінен түсіндіру және сайлауға белсенді қатысуға шақыру.