730 мың жамбылдық сайлауға қатысады
Жамбыл облысында Құрылтай сайлауына 730 мың тұрғын қатысады. Олардың 2500-і науқанда алғаш рет дауыс беретін 18-ге жаңа толған тұрғындар.
Жамбыл облысында Құрылтай сайлауында тұрғындар 520 сайлау учаскесінде дауыс береді. Бүгінде олардың барлығында дауыс беруге арналған кабиналар орнатылып, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Серғали Айдапкелов, облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлаушыларды негізгі ақпараттандыру жұмыстары бірнеше форматтарда жүргізіліп жатыр. Ол - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы. Қазір Ұлттық банктің ұсынысымен барлық банктер СМС арқылы жұмыс жасап жатыр. Одан кейін сайлау күні егер азамат өзі учаскеге келіп, учаскеде оның есімі болмай қалған жағдайда онлайн сервис арқылы егов порталына кіріп өзінің мекен жайы арқылы учаскені анықтауға мүмкіндігі бар.
Құрылтай депутаттарының сайлауында облыста 730 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасамақ. Солардың қатарында мүгедектігі бар 2600 адам бар. Олардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Брайль қаріпімен жасалған трафарет, кең кабина мен арнайы бұрыш жасалған. Онда есту қабілеті бұзылған адамдарға 64 сурдоаудармашы ақпарат береді.
Балжан Бейсебаева, мониторингтік жұмыс тобының мүшесі:
- Дауыс беруге әрқайсысының өзінің құқығы бар. Сондықтан біздерге ыңғайлы жағдайлар жасалу керек деп ойлаймын. Сондықтан мен учаскенің бәрінің жағдайын қарап шықтым. Жағдайлары жасалған. Бұл сайлау елдің болашағы үшін жасалып жатқан нәрсе. Менде соған қатысып дауысымды беремін.
Жалпы саяси науқанда өңірде 532 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Комиссиялар құрамында 3618 мүше бар. Қазір олар тұрғындарға шақыру таратып, біліктілігін арттыру үшін оқудан өтіп жатыр.
Сая Абсаматова, №26 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
- 26-сайлау учаскесіндегі комиссия құрамы 9 адамнан тұрады. Оның бәрі тәжірибелі, оның алдында сайлау өткізген мамандар. Қазіргі таңда 26-сайлау учаскесінде 2431 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 18-ге толған, алғаш рет дауыс беретін 33 сайлушы тіркеліп отыр.
Бүгінде саяси партиялар облыстың елді-мекендерін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар 21 тамызға дейін жалғасады. Ал 22-сі тыныштық күні. 23 тамызда қазақстандықтар ел болашағы үшін дауыс беріп, өз таңдауын жасайды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан