БҚО-да сайлауға дайындық деңгейі тексерілді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов бүгін Батыс Қазақстан облысында болып, бірқатар сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді.

Учаскелік комиссия мүшелеріне арналған семинарға қатысып, заңнамалық талаптар мен жаңашылдықтарды түсіндірді. Ел бойынша апта аяғына дейін сайлауды өткізуге жауапты 71 мың тұлға біліктілігін жетілдірмек. Сонымен қатар БАҚ өкілдері мен байқаушыларға, партия өкілдеріне де арнайы курстар ұйымдастырылған. Бұл сайлау күні тараптар арасында түсінбестікті болдырмау үшін маңызды, - дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. Сонымен қатар, 23 тамыз күні өз тұрғылықты мекенжайында болмайтын азаматтарға, мүгедектігі бар жандарға да дауыс беруге мүмкіндік жасалған.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Арнайы бұрыш болуы қажет. Арнайы тактильді жолағы болу керек. Яғни әрбір адам денсаулығына байланысты қиындық көріп жатса, учаскеге келгенде ол адамда ешқандай кедергі болмауы керек. Енді үшіншіден тағы да бір мәселе айтып кететін, қазір жаз кезеңі, көп адамдар басқа елді мекендерге кетіп қалуы мүмкін, демалыста болуы мүмкін, сол сайлаушылар  есептен шығару куәлігін ала алады. Қай қалада бола алады, сол жердегі учаскеге барып даусын бере алады. Бұл да әр адамның конституциялық құқын іске асыруға жағдай жасап жатқанымыздың бір шарасы.