Құрылтай сайлауына 5 күн қалды
Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына санаулы күндер қалды. 4 күннен кейін дауыс беру басталады. Осыған байланысты партиялардың қала мен ауыл-аудандарды аралауы жалғасып жатыр.
Саяси бірлестік мүшелері азаматтарға сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, еңбек ұжымдарымен кездесуде.
«Әділет» партиясы жұмысшылармен кездесті
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қостанай облысындағы еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Құрылтай депутаттығына кандидаттар облыс орталығы мен Рудный қаласындағы бірқатар кәсіпорынға барды. Жиында отандық өндірісті дамыту, кадр даярлау, еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктері сияқты мәселелер тақырыпқа арқау болды. Саяси бірлестік мүшелері мамандарды өңір экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып даярлау керек екенін атап өтті.
Қаныш Тілеушин, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:
- Бірінші мақсатымыз - Әділет партиясының бағдарламасына, өндіріске және экономика дамуына көзделген шаралар туралы айту. Сонымен қатар осы зауытта істеп жатқан жұмыскерлерді дұрыстап тыңдап, олардың ұсыныстарын естіп қана қоймай, ұсыныстарды ары қарай пайдаланып, бекітіп, олармен ары қарай жұмыс жасау.
Respublica кандидаттары жастармен кездесті
Петропавл қаласында Respublica партиясының мүшелері өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналғандардың сұрағына жауап берді. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, тың бизнес идеяларды жүзеге асыру, экономикалық өсім, жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері қаладағы ірі кәсіпорындарды аралап, қарапайым жұмысшылармен жүздесті. Өндіріс басында еңбек қарым қатынастары, тегін медициналық көмек алу және халықты әлеуметтік қорғау сұрақтары қаузалды.
Нұргүл Тау, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттағына кандидат:
- Еліміздің барлық аймағын аралап келеміз. Ең соңында Астанамыз ғана қалды. Әр елді мекенге барған сайын әртүрлі азаматтардан үлкен өтініштер түсіп жатыр. Шынымен де, халықпен тікелей кездескен кезде, халықтың ішіне барған кезде қандай проблеманың қордаланып қалғанын түсінесіз. Көбінесе мысалы, зейнетақыға қатысты сұрақтар болып жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтауға қатысты сұрақтар көп болды.
ҚХП мүшелері жұмысшылармен кездесті
Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қарапайым жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Еңбеккерлер өздерін толғандыратын мәселелерге байланысты ұсыныстарын айтты. Диалогқа ерекше балалардың ата-аналары республикалық одағы мен Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері де қосылды. Форум флешмобпен аяқталды.
Дамир Дигай, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Бұл ұжымда 6 мыңдай қарапайым жұмысшы бар. Олар Қазақстанда өндірілген отандық брендті әлемдік нарыққа шығаруға бар күш-жігерін салып жатыр. Жұмысшылар әлеуметтік даму мәселесін қызу қолдайды және болашақта міндетті түрде үлкен жетістікке жетеміз деген сенімде. Өйткені біздің сайлауалды науқанымыз да, күнделікті жұмысымыз да еңбек адамының айналасында құрылады.
Кандидаттар еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер Астанадағы №3 автобус паркінің ұжымымен кездесті. Жиында кандидаттар саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қатысушылармен тұрғын үй саясаты мен жас отбасыларды қолдау, шағын және орта бизнеске жағдай жасау мәселесін талқылады. Автопарк қызметкерлері қаржылық сауаттылықты арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойды. Дәл осындай кездесу елорданы жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын мен отандық абаттандыру және көгалдандыру материалдарын шығаратын зауытта өтті.
Берік Дүйсенбинов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Сапалы жолаушы тасымалымен қамтамасыз ету Астананың ажырамас бір бөлігі. Осы қызметті қамтамасыз етіп отырған азаматтардың көңіл-күйін, жағдайларын, қандай өтініштері бар екен, азаматтардың жағдайымен танысып, өзіміздің үгіт-насихатымызды жасап келдік. Елді алаңдатып отырған бүгінгі күнкөріс қамы, қымбатшылық, тұрғын үй мәселесі.
Кандидаттар шаруалармен кездесті
«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Ақмола облысының Сандықтау ауданында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар Приозерное ауылындағы жылқы және қара мал өсіріп, егін егумен айналысатын ірі шаруашылық ұжымымен жүздесті. Кездесуде ауыл тұрмысының сапасын арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауылдықтарды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Халықтардың мәселесі енді әлеуметтік жағынан көп мәселе болып отыр. Көп ауылда мектептер жабылып жатыр. Ол неліктен? Адам көшіп кетіп, бала саны жетпеген соң. Мектепте толғандыратын жағдайлар.
ЖСДП өкілдері тұрғындармен кездесті
Таразда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері белсенді жастармен және түрлі сала ардагерлерімен алқалы жиын өткізді. Кездесуде тұрғын үй кезегін жылжыту, жер телімдерін алу, әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мәдениет пен спортты дамыту, тегін білім алу мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.
Ал Атырауда партияның үгіт-насихат тобы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдерімен кездесті. "Жайлы аула – қауіпсіз қала" тақырыбында өткен жиында қаланы абаттандыру, аулалардың жағдайын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелері қозғалды.
Нұрайнаш Камалова, ЖСДП партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Бүгінгі кездесуге Атырау қаласының тұрғындары және ОСИ, КСК өкілдері қатысты. Бұл кездесудегі азаматтар тұрғын үйдің аулаларындағы абаттандыруды қажет ететіндерін айтты және жарықтандыру қажет ететінін, балалар ойын алаңын салу қажеттіліктері туралы айтты.
«Байтақ» партиясының мүшелері индустриялық аймақ өкілдерімен кездесті
Бүгін «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы индустриялық аймағында өнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Оған партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алма Қараш қатысты. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, Алматы қаласының өзекті экологиялық мәселелері талқыланды. Ауа сапасы, қаланы көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық қауіпсіздік және қолайлы ортаны қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар кандидатқа өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Түйткіл түйінін шешуді қажет ететін экологиялық мәселелерді ортаға салды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Әрине, кәсіпкерді де коммуникациялар, жайлылық мәселесі алаңдатады. Мысалы, индустриялық аймақта су тапшылығы өзекті. Бұл түйткіл қазір шешіліп жатыр. Жақын арада жағдай оңалады деп үміттенеміз. Сондықтан бизнеске назар аударып, онымен жұмыс істеу керек.