ЖСДП басты дебатқа дайындығын пысықтады

Сонымен теледебаттың басталуына санаулы сәттер қалды.

Соңғы дайындықтар жүргізілуде. Жеті саяси бірлестік көшбасшылары бір алаңда бас қосып, елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әл-ауқатына қатысты өз ұстанымдарын ортаға салады.

Ал қазір тағы бір партияның штабына тікелей қосылайық. Партия бүгінгі дебатта қандай мәселелерге басымдық бермек?

Бекзат Аманов, тілші:

- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабынан тікелей қосылып тұрмыз. Күннің көзі сынық сүйем көтерілгеннен мұнда дайындық қызу жүрді. Қазір саяси ұйымның жақтастары соңғы әзірлігін пысықтап жатыр. Саяси дода қызған шақ, шешуші кезең де жақын. Артымдағы қарбалас — соның айғағы. Ал мен сөзімнің әлқиссасын партия жайлы аз-кем ақпардан бастайын. Социал-демократиялық партия 2006 жылы құрылған. Бағдарламасында әлеуметтік әділеттілік, есеп беретін билік және еңбек құқығын қорғау мәселелеріне басымдық береді. Қозғалыс мүшелері бұл бағыттарды қазіргі бағдарламасында да сақтап отырғанын айтады. Бұған дейінгі дебаттарда партия өкілдері ауыр өндіріс еңбеккерлері үшін зейнет жасын төмендету және коммуналдық қызмет тарифтерін бақылау мәселесін көтерді. Сонымен қатар, кедейлікпен күрес, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, заң мен тәртіп тақырыбын қаузап, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалауды талап етті. Партия бүгін де осы қағидаттарды ту етеді. Басты, шешуші пікірсайысқа төраға Асхат Рақымжанов қатысады. Оның да ұсыныстары мен бастамалары жоғарыда айтылған тақырып аясында болады деп күтілуде. Жалпы саяси ұйым алдағы Құрылтай сайлауына еліміздің барлық өңірлерінен 33 кандидат ұсынады. Бағдарламасын да жұртшылыққа жариялады. Оның ішінде экономиканы демонополизациялау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, адал әрі тең сайлау, тәуелсіз сот, қолжетімді баспана, сапалы медицина және тең мүмкіндіктерге негізделген инклюзивті қоғам сынды жиырма бағыт қамтылған.