Құрылтай сайлауына 3 күн қалды
Үміткер партиялар елді-мекендерді, ауыл-аймақты аралап, халықты сайлау алды бағдарламаларымен таныстырып жатыр.
Бірі медициналық орталықтарға бет бұрса, енді бірі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен жүздесіп, тұрғындардың базынасына құлақ түрді.
ҚХП өкілдері зейнеткерлермен кездесті
Қостанайда Қазақстан Халық партиясы өкілдері зейнеткерлермен кездесті. Жиын барысында партияның алдағы мақсат-міндеттері, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылды. Негізінен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер сөз болды. Медицина, білім берудегі түйткілдер ашық айтылып, оларды шешудің тетіктері талқыланды. Сондай-ақ ауыл аймақтың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы партияның жұмыс бағдары жайлы пікір алмасты.
Нұржан Биякаев, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Ауыл тұрғындары шағын мектептер, онда оқитын балалардың жағдайы, елді мекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселені жиі көтереді. Осыларды нақты шешу үшін заңға өзгерістер еңгізу керек. Дұрыс жүйеленіп, қабылданған заң арқылы ғана
бұл мәселелерді жөнге келтіруге болады.
«Ақ жол» партиясының өкілдері медицина мамандарымен кездесті
Шымкентте «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері №1 қалалық клиникалық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кандидаттар дәрігерлерге саяси ұйымның бағдарламасын, мақсат-міндеттерін, бағытын таныстырып, жадынама материалдарын таратты. Жиында кадр тапшылығы, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайы сөз болды. Ашық диалог форматында өткен жиында сала мамандары қордаланған тақырыптарға қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, өзекті сауалдарын қойды.
Бақдәулет Мәлімов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен таныстырып, сайлаушыларымыздың алдында сұрақтарының барлығына жауап бердік. «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы одан әрі үгіт-насихат жұмысын жалғастыратын болады. Басқа да мекемелермен, білім саласының мекемелерімен.
«Байтақ» партиясының өкілдері экологтармен кездесті
«Байтақ» партиясының сайлауалды үгіт-насихат іс-шаралары Астанада жалғасты. Бұл жолы партия өкілдері «Жасыл аймақ» ұйымының қызметкерлерімен кездесті. Жиында саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылды. Кездесу барысында экологиялық мәселелер де көтерілді. Қала ішін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын уақытылы бастауға қатысты ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жиынға қатысушылар экология саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Нариман Баубек, «Байтақ» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы:
- Бүгінгі жиынның мен үшін маңызы зор. Себебі мұнда экологиялық түйткілдерге бей-жай қарамайтын азаматтар жиналды. Мен өз баяндамамда қазіргі ғаламдық экологиялық ахуал қаншалықты қиын екенін түсіндіруге тырыстым. Бұл тек сөз жүзінде ғана көтеріп, қоя салатын дүние емес. Ғалымдар 2030 жылға қарай су тапшылығы болады деп болжап отыр. Бұл алаңдатарлық тақырып. Сондықтан, бұл істе бірігіп әрекет ету маңызды.