Қазақстан әлемдегі ең үздік 25 елдің қатарына енді

«Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға». Осындай атаумен бүгін Астанада National Think Tank форумы өтті.

Ұлттық талдау орталықтарының басшылары, мемлекеттік орган және халықаралық ұйым өкілдері мен академиялық қауымдастық мамандары бас қосқан жиында Қазақстанның даму қарқыны мен экономикалық және цифрлық әлеуеті кеңінен талқыға түсті.

Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдегі ең үздік 25 елдің қатарына енді. Бұл туралы National Think Tank форумында Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан баламалы энергия көздерін пайдалануды тұрақты түрде кеңейте отырып, цифрландыру саласындағы орнын жыл өткен сайын нығайтып келеді.

Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының тұрақты өкілі:

- Қазақстан тұрақты даму бағытындағы сын-қатерлердің жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Бұған дейін кедейлікті азайту мәселесі маңызды болса, қазір халықтың түрлі қиындықтарға төтеп беру қабілетін арттыруға басымдық берілуі керек. Алайда білімге қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, оның сапасы мен адамдардың нақты дағдыларын дамыту қажет. Жұмыспен қамтумен қатар еңбек өнімділігін арттырып, инфрақұрылымды дамытуда инновацияға көңіл бөлу шарт.

Дей тұрғанмен, халықаралық ұйым өкілі елдегі ана мен бала өлімінің азайғанын және орташа өмір сүру ұзақтығының бес жылға ұзарғанын атап өтіп, адами капиталды дамытуда оң өзгерістердің барын жоққа шығармады.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Біздің басты мақсатымыз жетістіктерімізді көрсетіп, алдағы 5-10 жылдық күн тәртібіндегі сұрақтарды талдау. Байқап отырғанымыздай, жаңа реформалар дамып жатыр. Соны ескере отырып, сыртқы саясаттағы трендтерді бақылап, біріккен күн тәртібін дайындауымыз қажет.

Форумда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те төбе көрсетіп, халықаралық білім беру орталығын қалыптастыруда еліміз қысқа уақыт ішінде елеулі нәтиже көрсеткенін тілге тиек етті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Қазақстанға 40-қа жуық мықты зерттеуші университеттер келді. Кеше ғана біз Австралияның жетекші Murdoch университетін шығарып салдық. Шәкәрім университетінің негізінде қазір ауыл шаруашылық үлкен бір орталықты ашатын болды. Картаның негізгі мақсаты – Қазақстанға мықты экспертизаны әкелу. Жергілікті өңірлік университеттерімізді зерттеуші форматқа трансформациялау. 

Министрдің сөзінше, бүгінде 95 университеттің оқу бағдарламасына 2 мыңнан астам жасанды интеллект курсы енгізілді. Осылайша, оқытушылар заманауи оқыту әдістеріне қол жеткізіп, білім беру үрдісі анағұрлым жетіле түсті. Цифрлық трансформациядан бөлек, форумда экономикалық және өнеркәсіптік дамуға басымдық беріліп, елдегі саяси реформалардың мән-маңызы, әлеуметтік тұрақтылыққа тигізер әсері сарапшылардың назарына ілікті.

Авторлары: Назым Кенжебай, Жандос Битабаров