Астанада сайлау учаскелері жұмысын бастады
Астанада дауыс беру учаскелері жұмысын бастады. Тұрғындардың бірқатары өз таңдауын жасап үлгерді. Жалпы бас қалада саяси науқанға қызу әзірлік жүрді.
Әсіресе мүгедектігі бар және үйде дауыс беретін азаматтардың жағдайы басты назарда болады.
Дауыс беруді алғашқылардың бірі болып астаналықтар мен қала қонақтары бастады. Сайлау бөлімшелері келушілер үшін есігін айқара ашты. Осылайша, ел тұрғындары маңызды күні азаматтық ұстанымын білдіруге асықты. Бас қала саяси науқан алдында қызу дайындықтан өтті. Өйткені әр азаматтың алаңсыз таңдау білдіруіне тиісті жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоғамның өзге де әлжуаз топтары үшін дауыс беру рәсімнің еш кедергісіз өтуі жіті назарда болды.
Бейсембай Жұмабеков, Астана қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Астана қаласы бойынша 517 учаске жұмыс жасап жатыр. Соның ішінде 457-сі жұмысын бастап кетті. Учаскелерде барлық жағдай жасалған. Мүгедек адамдарға қолайлы жағдай жасалып, 517 учаскеде арнайы бұрыштар орнатылған. Әрбір мүгедектігі бар азамат келіп дауыс беруіне мүмкіншілгі бар.
Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай құрамы белгіленбек. Сондықтан шараны мінсіз өткізу басты мақсат. Президент бекіткен Заң мен тәртіп қағидаты мұнда да көрініс табуы тиіс. Ол үшін бас қалада 7 мыңнан астам комиссия мүшесі, байқаушылар мен партиядан сенім тұлғалар таңдалып, арнайы оқудан өтті. Сондай-ақ дауыс беру күні сайлау учаскелерінде волонтерлердің көмегі ұйымдастырылады.
Бейсембай Жұмабеков, Астана қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- 457 учаске ашылды. Оның ішінде 438-і Астана қаласында, қалғандары шетелде. Барлығы заңға сай жасалып басталды. Ешқандай олқылықтар жоқ.
Сайлау кезінде әрбір учаскені халықаралық ұйымдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылар қадағалайды. Астанадағы сайлау үдерісін 23 қоғамдық бірлестік назарда ұстайды. Бұл күні әр қазақстандықтың даусы маңызды. Өйткені ол елдің жаңа кезеңдегі даму бағытын айқындайды.
Авторы: Назерке Тоқжан