Жамбыл ұрпақтары дауыс берді. Live
Алматы облысында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары дауыс берді. Құрылтай сайлауына ақынның 30-ға жуық немере-шөбересі мен шөпшегі қатысты.
Олар алдымен Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейге жиналып, аталарының рухына тағзым етті. Музейге келген қауым Жамбылдың әулетімен бірге сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
«Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай. Сүйінбай – деп сөйлесем, Сөз келеді бұрқырап, Қара дауыл құйындай!», – деп, талай айтыстың аламанында топ жарған Жамбыл бабамыздың үш немересі, отыз шақты шөбересі бар. Олардың дені Жамбыл ауданында тұрады. Жыр дүлдүлінің шөбересі Салтанат Жамбылова мен Мұратхан Әлімқұлұлы аталары туралы жылы естелік айтып, халықты ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи сәтте белсенді болуға шақырды.
Мұратхан Әлмқұлұлы, Ж. Жабаевтың шөбересі:
- Жамбыл атамыздың өсіп-өніп жатқан 70-80-дей ұрпақтары бар, жаман емес. Бүгін елде үлкен мереке жүріп жатыр. ҚР Құрылтай сайлауына келіп, бәріміз мемлекетіміз үшін үнімізді қосып, таңдауымызды жасап, мемлекеттің жақсы нығайып, өсіп-өнуі үшін қашан да болсын шын жүрегімізбен, еліміз-жұртымызбен мақтанып, қуанып, келіп, таң атысымен даусымызмды беріп отырмыз.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қалалық мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Құрылтай қоғамдық диалогты нығайтатын, әрі қарай бірлесіп, келешекті айқындауға біраз жол ашатын күн. Құрылтайда халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, білетін, біздің осы алдымызда тұрған үлкен міндеттерге сай сұрақтарды көтеретін, заңдарды жасайтын азаматтар болса деген үміттеміз.
Алматы облысы бойынша Құрылтай депутаттары сайлауын ұйымдастыруға 683 учаске жұмылдырылды. Өңірде 1 млн 42 мың сайлаушы бар. Соның 14 мыңы биыл алғаш рет дауыс беру құқығына ие болды. Өңір тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов