Түркістанда жас жігіт сайлау учаскесінің алдында сүйіктісіне ұсыныс жасады. Live  

Түркістанда Құрылтай сайлауы ерекше есте қалаларық тосын әрі қызықты оқиғалармен өрбіп жатыр. Кейбір сайлаушылар дауыс беру учаскесіне қайықпен барып, елді таңғалдырса, тағы бір жас жігіт сайлау учаскесінің алдында сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір қаладағы №103 сайлау учаскесінде тұрмыз. Жалпы Түркістандағы Құрылтай сайлауы тарихи маңызымен қатар, жас жұп үшін өмірлік маңызы ерекше сәт ретінде есте қалды. Себебі қала тұрғыны дәл осы сайлау учаскесінің алдында сүйіктісіне тосыннан ұсыныс жасап, көпшілік алдында сезімін білдірді. Ел үшін маңызды тарихи сәтті өзінің өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірімен байланыстырған жас жігіттің бұл әрекеті ерекше сәтке айналды.

Оның бұл ұсынысы көпшіліктің қошеметіне бөленіп, сайлау учаскесі маңында көтеріңкі көңіл күй қалыптастырды. Дауыс беруге келген сайлаушылар екі жастың махаббатына куә болып, ақ тілектерін жаудырды.

Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен жеке өміріндегі маңызды шешімді бір күнге тоғыстыруы Құрылтайдың есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Бірі – елдің болашағына таңдау жасаса, енді бірі өз болашағын бірге құратын адамын таңдады.

Ернұр Құдайберген, қала тұрғыны:

- Менің есімім – Ернұр. Сүйіктімнің аты – Гауһар. Біздің жасымыз 22-де. Біз 3 жыл бойы жүрдік бірге. Бүгін еліміз үшін де, мен үшін де тарихи күн. Еліміз үшін Құрылтай сайлауы болып жатса, мен өз сүйіктіме сөз салып жатырмын. Бүгінгі күн осы күнге тұспа-тұс келгеніне мен өте қатты қуаныштымын. Еліміз үшін де, өзім үшін де тарихи сәт болсын деп осы күнді таңдадым.

Түркістан облысында  бүгін 952 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Өңірде  1 млн 200 мыңнан астам сайлаушы бар. Яғни облыс халқының жартысынан көбі дауыс беру құқығына ие. Сайлаушыларға қолайлы болу үшін Түркістан қаласы мен Сауран ауданында жаңадан 4 учаске ашылды. Сайлаудың ашықтығын 31 қоғамдық бірлестік бақылауда. Сондай-ақ облыстағы 14 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар сайлаушылар да өз таңдауын жасап жатыр. Оларға 65 инва және 49 әлеуметтік такси, 56 қосымша арнайы автокөлік және 209 сурдо аудармашы қызмет көрсетуде.