Әмірліктегі қазақстандықтар дауыс беріп жатыр
Араб әмірліктеріндегі отандастарымыз да саяси науқаннан тыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе жастар жағы белсенді. Осы сәтте әмірліктерде екі дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Екі дауыс беру учаскесінің бірі – Абу Дабиде, енді бірі Дубайда орналасқан. Дәл қазір соның алғашқысынан тікелей байланысқа қосылып тұрмын. Ту сыртымда учаскелік комиссия өкілдерінің жұмысын көруге болады.
Ел тарихындағы аса маңызды науқан жергілікті уақыт бойынша 07:00-де, ал Астана уақыты бойынша 08:00-де басталды. Содан бері тоқтаусыз жалғасып жатыр. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Жалпы әмірлік астанасында жүрген кез келген қазақстандық ресми тіркеуде болмаса да дауыс беруге құқылы. Таңсәріден келушілер көп. Әсіресе жастарды жиі кездестірдік. Жергілікті жоғары оқу орнында білім алатын біздің студенттердің саны 2 мыңнан асады. Олардың бір бөлігі Президент тапсырмасы бойынша Болашақ бағдарламасының арқасында білім алып жатқан, Жаңа Қазақстанға қызмет ететін жалынды жастар. Сондай ақ кәсіппен айналысып жүрген отандастарымыз да бар. Ескере кетерлік жайт, араб даласында қазір аптап ыстық. Соған қарамастан кісі аяғы бір сәтке де үзілген жоқ. Кейбірін сөзге тартқан едік.
Абылай Бәкішев, дауыс беруші:
- Елшілік ұйымдастырып жатыр. Осы жерге келіп, дауыс беріп кеттім. Еліміз дами берсін! Партиялар жұмысы алға басып, халыққа қызмет жасай берсін!
Анель Өмірбаева, студент:
- Біріншіден, сайлауға келіп, дауыс беру өте маңызды. Өйткені ол келешегімізге ықпал етеді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Бір ерекшелігі, әмірліктер – Таяу Шығысқа сапарлайтын қазақстандық туристер арасында ең танымал бағыт. Күніне жүздеп, тіпті мыңдап келеді. Кейбірі кейін уақытша жұмысқа орналасып қалады. Сол себепті дауыс беру науқаны Араб әмірліктері бойынша екі жерде тоқтаусыз жалғасып жатыр. Ел астанасынан бөлек, Дубайда тағы бір учаске ашылған. Сайлау барысын қадағалап, кешке дейін ақпарат жеткіземіз.