9,3 млн қазақстандық дауыс берді 

Сағат 20:00-де ел аумағындағы барлық сайлау учаскелері жабылды. Комиссиялар бюллетеньдерді санауға кірісті.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Жарты сағат бұрын Орталық сайлау комиссиясы бүгінгі күннің соңғы брифингін өткізді. Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 9 352 151 сайлаушы бюллетень алды. Бұл дауыс беру құқығы бар азаматтардың 74,19 пайызы. Өңірлер бойынша көшбасшы өзгерді. Осыған дейін алдыңғы орынды бермей келген Қызылорда облысы 90,75 пайыз көрсеткішпен үшінші орынға жайғасты. Ал ең жоғарғы белсенділік Түркістан облысында. Оңтүстік өңірдегі сайлаушылардың 92,16 пайызы өз таңдауын жасаған. Оның ізін өкшелеп Жетісу облысы келе жатыр. Мұндағы көрсеткіш 91,19 пайызы. Ірі мегаполистердің де белсенділігі әртүрлі. Шымкенттік азаматтардың 75 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерген. Ал елордалықтардың жартысынан астамы, яғни 51 пайызы бүгін өз таңдауын жасады. Алматы қаласындағы көрсеткіш 43 пайыз шамасында.

Еске сала кетейік, осыған дейін сағат 19:00-де Сыртқы істер министрлігінің өкілі шет елдерде орналасқан сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, брифинг берген. Жалпы бұл саяси науқанда 61 шет мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды. Олардың басым бөлігі әлі де сайлаушыларды қабылдап жатыр. Тек 11 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған. Сағат 19:00-дегі дерек бойынша, шет елдердегі сайлау учаскелерінде 6007 адам дауыс беріпті. Уақыт белдеулерінің айырмашылығына байланысты әлемде ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы сайлау учаскесі жабылады.