ТМД елдерінен келген байқаушылар дауыс берудің ашықтығын қадағалады
Құрылтай сайлауына 700-ден астам халықаралық байқаушы қатысты. Олардың қатарында 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның өкілдері бар.
ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенконың айтуынша, олар Қазақстанның 14 өңірінде және шетелдегі учаскелердің басым бөлігін аралады. Ол сайлау учаскелеріндегі жұмыстың ұйымдасқан әрі үйлесімді өткенін атап өтті.
Игорь Петришенко, ТМД байқаушылар миссиясының басшысы:
- Миссия құрамында 190 адам бар. Біз 14 өңір мен Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған 79 сайлау учаскесінің барлығына дерлік бақылау жүргізіп жатырмыз. Бүгін сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап, басқа өңірлердегі өкілдеріміздің де бақылау жүргізгенін көрдік. Әнұран салтанатты түрде орындалды. Сайлаушылардың дауыс беру процесі жақсы ұйымдастырылған. Учаскелік комиссия төрағасы, хатшысы және комиссия мүшелері өзара үйлесімді жұмыс істеді. Сайлаушыларға, оның ішінде жасы үлкен азаматтар мен әсіресе алғаш рет дауыс беріп жатқан жастарға деген қарым-қатынас жылы болды.