Зиялы қауым сайлаудан зор үміт күтеді

Алматыда Құрылтай сайлауы белсенділігімен ерекшеленді. Бұл жолы мегаполисте 1 млн 300 мыңнан аса адам дауыс беру құқына ие болды. 

Саяси науқанға зиялы қауым өкілдері, танымал өнер адамдары қатысты. Ерекше образда келген тұрғындар да өз таңдауын жасады. 

Алматылықтар таң сәріден саяси науқанға белсенді атсалысты. Бүгін қалада 670 сайлау учаскесі ашылды. Дауыс беру орнына келіп-кетуді жеңілдету үшін қоғамдық көлік тегін жұмыс істеді. Инватаксиде де қарастырылды. Зиялы қауым өкілдері үн қосты. Олар бұл сайлауға халықтың үлкен үміт артып отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта Құрылтайда қабылданатын заңдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеніне сенімді.

Смағұл Елубай, Қазақстанның Халық жазушысы:

- Әрбір Қазақстан азаматы өз болашағын таңдап жатыр. Ендеше, белсенді болу, өз болашағымызға жауапкершілікпен қарау әрбір азаматтың тікелей міндеті деп білемін. Ұлт болашағы үшін аса маңызды болып табылады бұл таңдау.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның Халық әртісі:

- Құрылтай – бұл біздің бір ұлттығымыздың айдары мен айбарындай, бағыт-бағдарындай. Бүгін қарасақ әрине, экономика жағынан, қаржыландыру жағынан өзгерістердің барлығы халықымыздың игілігінде. 

Алып шаһардағы сайлау учаскелеріне әртүрлі кейіпкердің образында келгендер көп болды. Бірі қазақ батырының, енді бірі темір адамның болмысында келіпті. Сонымен қатар елімізде жойылып кеткен «Тұран» жолбарысы болып киінген тұрғын көпшілік назарын аударды. Мұның өзінде ерекше мән бар. Себебі Қазақстан үкіметі жолбарыстарды қазақ жерінде қайта жерсіндіруді қолға алды. 

Гүлсім Керімбекқызы, қала тұрғыны:
- Бүгін біздің ауданымызға Балқаштың жолбарысы келіп, өте керемет көңіл-күй сыйлады. Біз 40 жылдан бері осылай дауыс беріп келеміз. Ата-анам дауыс берген. Өзім дауыс беріп жатырмын және балаларым дауыс беруге келді бүгін.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де белсенділік танытты. Жастар да маңызды оқиғадан қалыс қалған жоқ. Биыл шаһарда бірінші рет сайлаушы атанған 14 мыңға жуық азамат бар. Сайлау учаскелерінің мүшелері оларды арнайы құттықтап, естелікке сыйлық берді.  

Валерия Литвиненко, қала тұрғыны:
- Бүгін мен үшін ерекше күн. Өмірімде бірінші рет сайлауға қатысып тұрмын. Мен елімнің болашағы үшін үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын.

Бүгінгі Құрылтай сайлауы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалдық жүйемен өтті. Қазақстандықтар партияларға дауыс берді. Тұрғындар саяси ұйымдардың бағдарламаларымен жақсы таныс. Жеңіске жеткен партиялардың қатарынан бес жылға 145 депутат сайланады. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев, Мұхит Құдықтаев