ЕҚЫҰ байқаушылары Құрылтай сайлауына оң бағасын берді

Құрылтай сайлауын ұйымдастыру барысына халықаралық байқаушылар оң баға берді.

Олардың қатарында Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы бар. Олар сайлау комиссиялары мүшелерін оқытуға бағытталған бүкілхалықтық даярлық бағдарламасын жоғары бағалады. Аталған бағдарламаның жүзеге асу барысын халықаралық миссия өкілдері тікелей бақылаған. Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысы да жемісті болғанын атап өтті. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау процесіне толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасалғаны айтылды. Комиссия жұмысының ашықтығы да саяси науқанның басты артықшылығы - дейді олар. Отырыстар қазақ және орыс тілдерінде және сурдоаудармамен тікелей эфирде көрсетілді. Ал қабылданған шешімдер комиссияның ресми сайтында жедел жарияланып отырды.

Винсент Пикет, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының басшысы:

- Миссия Қазақстанда жеті аптаға жуық жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдармен, Орталық сайлау комиссиясымен, үкіметтік емес ұйымдармен және тіркелген барлық саяси партиялармен кездестік. Біздің жұмысымыздың негізгі қағидаттары бейтараптық, дәйекке сүйеніп бағалау және сайлау процесіне араласпау. Миссияның басты мақсаты Қазақстандағы сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған талдау мен ұсынымдар әзірлеу.