ЖІӨ 245 трлн теңгеге жетеді: Қазақстан экономикасына болжам жасалды
2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық нұсқасында Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары болады деп болжануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі мұнай емес секторлардағы өндірістің ұлғаюымен байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен озып кететін болады. Өңдеудің өсуіне негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру салалары үлес қосады,— деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығы да экономиканың өсу драйверлерінің біріне айналады. Саладағы жылдық өсім кемінде 5% болады деп болжанып отыр.
Құрылыс секторында да өсім қарқыны артады. 2027 жылы бұл көрсеткіш 16%, ал 2029 жылы 17,3% болады деп күтілуде. Бұл көлік-логистика, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға байланысты.
Қызмет көрсету саласында сауданың орташа жылдық өсімі 5,7%, көлік және қоймалау 10,4%, ақпарат пен байланыс 9,2% деңгейінде болады деп болжануда.
Сыртқы сауда балансы оң болып қала береді. Тауар экспорты 2027 жылғы $82,8 млрд-тан 2029 жылы $88,5 млрд-қа дейін өседі. Импорт көлемі осы кезеңде $80,5 млрд-тан $88,4 млрд-қа дейін ұлғаяды.
Инфляция дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5% деңгейінде болады деп айқындалды, кейіннен 2028-2029 жылдары 6-8%-ға дейін төмендейді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз