Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ережені бекітті

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ережені бекітті. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тиісті Жарлыққа қол қойды. 

Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратына жаһандық сын-қатерлерге, ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелді. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады. Бұдан бөлек, ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыс орнатады. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынып есеп береді. Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз етумен айналысады. Бұл міндеттер Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық жүйенің негіздерін сақтауды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз: