Қазақ-корей іскерлік қатынасы жаңа деңгейге шығады

Қазақстан түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жаңа салаларды, технологияны, зерттеу әлеуеті мен адами капиталын дамытуға күш салып жатырмыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі іскерлік формуда осылай деп, Корея бизнесін елімізге инвестиция салуға шақырды. Бұдан бөлек, жиында Мемлекет басшысы Алатау қаласында жасанды интеллект пен озық технологиялар шоғырланатынын айтып, Кореямен бірлескен логистикалық кәсіпорын құруды ұсынды. Сондай-ақ Президент Сеулге сапары аясында бірқатар жетекші компания басшыларымен кездесті.

Әлішер Әли, тілші:

- Корей тарапы еліміздегі түрлі салада жұмыс істеуге құлықты. Шикізат ресурстарынан бастап, энергетикалық инфрақұрылым, цифрлық трансформация, білім беру және ірі қалалық жобаларға ден қойып отыр. Соның ішінде Alatau Smart City жобасының мәні зор. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан іскерлік дөңгелек үстелде айтылды.

Корея Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарында. Былтыр қос ел арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларынан асты. Ал биылғы алты айда бұл көрсеткіш 1,3 млрд долларға жетті. Бүгінгі дөңгелек үстелде тараптар қазақ-корей қарым-қатынасын одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды атады. Мәселен, Мемлекет басшысы былтыр елде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылғанын, оның басым бөлігі корей компанияларына тиесілі екенін еске салып, жергілікті кәсіпорындарды елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни, бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру. Кореялық компанияларды осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстаннан өндіріс орындарын ашуға шақырамын.

Қазақстанды алып құрылыс аумағына айналдыру. Бүгінгі жиында қаузалған мәселенің бірі осы. Президент кореялық компаниялар күрделі жобаларды тез, сапалы әрі озық технологиялар арқылы іске асыруымен танымал. Олар Қазақстандағы ауқымды жобаларға белсене атсалысады деп ойлаймыз деді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қос елдің ынтымақтастығында энергетика саласы да маңызды екенін айтты.

Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір.

Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан еліміз заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы осы географиялық артықшылықтың игілігін көруді көздейді. Іскерлік жиында Мемлекет басшысы Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне баға беріп, адам капиталын дамытудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының Сеулге сапары аясында қос елдің ғылым және білім саласына жауаптылары 47 келісімшартқа қол қойды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жұмыс күні қауырт. Президент алдымен Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонмен кездесті. Жиында қазақ-корей инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығының перспективті бағыттары талқыланды. Артынша Мемлекет басшысы Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады. Кездесу барысында қонақ үй бизнесін дамыту мәселесі қаралды. Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақ үй бизнесі салаларына инвестиция құю жоспарын растады. Сөйтіп, тараптар өзара түсіністік туралы меморандумдар алмасты.

Қайрат Бекенов, «Almaty Invest» басқарма төрағасы:

- Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group корпорациясының президенті Сунг Кимді де қабылдады. Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ елімізде жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды. Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосу ниетін мәлімдеді. Кездесу соңында қос тараптың компаниялары Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу және Hyundai Tucson жаңа моделінің өндірісі жөнінде келісімге келді.

Бекнұр Несіпбаев, «Аstana Мotors» компаниясының бас директоры:

- Қазақ-корей бірлескен инвестициялық қоры құрылады. Ол еліміздегі инфрақұрылым және энергетика жобаларына корей капиталы мен технологиясын тартатын тиімді тетік болмақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың KIND корпорациясының президенті Ким Бок Хванды қабылдауында айтылды. Кездесуде Ақтау, Құрық порттарын дамыту, өңірлік әуежайларды салу мен жаңарту мүмкіндігі де қарастырылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Кореяның инвестициялық жобалары таныстырылып, медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагностика жүйелерін шығару, Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медицина технологиялары қолданылатын көпбейінді аурухана салу, дрондар құрастыру сынды маңызды жобалар көрсетілді.

Авторы: Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: