Елде алдағы жылыту маусымына дайындықтың негізгі бөлігі аяқталды
Энергия көздері қажетті жабдықтармен және отын қорымен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Бүгінде 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбина жөнделді.
Жылу желілерінің 352 шақырымы жаңартылды. Бұл жоспардың 93 пайызы. Осы мақсатта 196 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Шұғыл жұмыстарға Үкімет резервінен 28 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Биыл электр станцияларын жаңғыртуға 384 млрд теңге бағытталды. Қазір энергия көздерінің қоймаларында 4,8 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар. Халық пен коммуналдық секторға алдағы жылыту маусымында 7,3 млн тонна көмір қажет болады. Жылыту маусымына 10 мыңнан аса білім беру, 5,4 мыңға жуық медициналық нысан, 15 мыңға тарта автономды қазандық және 53 мыңнан астам тұрғын үй дайындалды. Абай облысында 32 жөндеу жобасы жүзеге асырылып, 53,7 шақырым жылу желісі жаңартылып жатыр. Ақмола облысында 37 шақырым жылу жүйелері жөнделді. Петропавлдағы жылу электр орталығында сегіз қазандық агрегаты жылу беруге дайын. Жезқазғандағы электр станциясында қазандықтар мен турбиналар жаңғыртылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі таңда қысқа дайындық ең өзекті мәселе. Бірақ бүгінгі күнге дейін жылу желілерін дайындау жұмыстары әлі де толық көлемде аяқталған жоқ. Сондықтан әкімдіктерге осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуді тапсырамын. Жылыту маусымы уақтылы басталмаған жағдайда әкімдердің жеке жауапкершілігі қарастырылады. Энергетика министрлігіне Қазақстан Темір жолы компаниясымен бірлесіп, энергетикалық нысандар мен халыққа көмір және мазутты уақтылы жеткізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Президент тапсырмасы бойынша осы бағытта қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Сондықтан тек қана белсенді жұмыс жасау керек. Мұқият бақылауда ұстау керек.