Грузияда жұмыс істейтін қазақстандықтарға жаңа талаптар қойылды

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Грузияда шетел азаматтарының еңбек қызметіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ж. Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның айтуынша, Грузияның көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізілген.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап шетел азаматының Грузия заңнамасында көзделген жұмыс істеу құқығынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруы оны елден шығарып жіберу негіздерінің қатарына енгізілді, – деді Ж. Үсенов.

Қазақстан азаматтары үшін Грузияға визасыз кіру және ел аумағында 365 күнге дейін болу тәртібі сақталады. Алайда визасыз режим елге кіруге және онда болуға мүмкіндік бергенімен, еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық бермейді.

Сонымен қатар тиісті рұқсатсыз ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Шетел азаматы Грузиядан шығарылған жағдайда, оған ел аумағына қайта кіруге 2 жылдан 5 жылға дейін тыйым салынуы ықтимал.

Осыған байланысты Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлік немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына мұндай қызметті бастамас бұрын Грузия заңнамасында көзделген жұмыс істеу құқығының бар-жоғын алдын ала нақтылап алу ұсынылады.

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды Грузияның заңнамасы мен көші-қон талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ сапар мақсатына қойылатын талаптарды алдын ала анықтап, айыппұл салуға, елден шығаруға немесе Грузияға қайта кіруге шектеу қоюға әкеп соғуы мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге кеңес берді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: