Қазақстанда алғаш рет ASOSAI Басқарма кеңесінің отырысы өтті

Астанада Азия жоғары аудит органдары ұйымы (ASOSAI) Басқару кеңесінің 63-ші отырысы өтті. Оған 19 мемлекеттен келген жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты.

Мұндай форматтағы ресми кездесу Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Жиында жаһандық цифрландыру жағдайында аудит жүргізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ұйымның 3 жылдық даму жоспары мен жаңа хатшылығы белгіленді.

Азия жоғары аудит органдары ұйымы – халықаралық деңгейдегі ірі өңірлік құрылымдарының бірі. Қазақстан 26 жылдан бері осы ұйымға мүше. Бүгінде біздің Жоғары аудиторлық палата экологиялық аудиттен бастап, ақпараттық технологиялар, тұрақты даму тіпті, өңірлік деңгейдегі аудит жөніндегі жұмыс топтарына кіреді. Сондай-ақ ASOSAI-дың нормативтік құжаттарын зерделеуге қатысады.

Хоу Кай, АЗОСАИ хатшылығы, Қытайдың Жоғары аудит органының бас аудиторы:

- Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы – ASOSAI-дың маңызды мүшесі. Биыл Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының құрылғанына 30 жыл толады. Осы 30 жыл бойы Жоғары аудиторлық палата аудиторлық қадағалау функцияларын адал атқарып, мемлекеттік қаржыны пайдалану тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және есептілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру ісіндегі зор жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстан даму жоспарында цифрландыру мен жасанды интеллектіні басым бағыт ретінде айқындаған. Бұл аудиторлар үшін де маңызды мәселе. ASOSAI Басқару кеңесінің 63-ші отырысында ұйымға мүше елдердің осы бағыттағы озық тәжірибелері ұсынылды. Дағдарыс жағдайларды басқару, мемлекеттік кәсіпорындар аудиті бойынша жұмыс топтарының есептері қаралды. Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Шри Санджай Мурти, АЗОСАИ төрағасы, Үндістанның Жоғары аудит органының бас аудиторы:

- Келесі үш жылда Қытайдың Жоғары аудит органы басшылығымен біз тиісті жоспарды жүзеге асырамыз. Оның аясында мүше мемлекеттердің әлеуетін арттырып қана қоймай, АЗОСАИ журналдарында тиісті материалдарды жариялау арқылы жинақталған білім мен тәжірибені барлық мүшелер арасында кеңінен тарату көзделіп отыр. Тағы бір бағыт – ақпараттық технологиялар платформалары мен оқытуды басқару жүйелерін құру. Бұл әрбір жоғары аудит органының тиісті білім беру ресурстарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Еліміз Басқару кеңесінің мүшесі ретінде мемлекеттік аудиттің озық тәжірибелерін енгізуге белсенді атсалысып келеді. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан атынан жаңа бастама көтерді. Ол Ұйым жанынан цифрлық трансформация жағдайындағы Стратегиялық аудит жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынды.

Расул Рахимов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

- Жоғары аудиторлық палата қаржылық аудит пен тиімділік аудиті позициясында өте мықты. Жасанды интеллект технологияларын адамның кәсіби құзыреттілігімен ұштастыра отырып пайдалану өте жақсы нәтиже беруі мүмкін. Осы орайда ASOSAI-ға мүше елдер біздің аудиторлардың бұл технологияны бірінші болып сынақтан өткізгендерін қалайтынын атап өтті. Себебі Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы білікті аудиторларды даярлау бойынша көшбасшылар қатарында.

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында жоғары аудит органдарының басшылары мен өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Малайзияның Жоғары аудит органы 2027-2030 жылдарға ASOSAI-дың Бас хатшысы болып тағайындалды. Ал Сауд Арабиясына 2027 жылы ASOSAI-дың 17-Ассамблеясын өткізу құқығы берілді. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков

Сондай-ақ оқыңыз: