Құрылтайда республикалық бюджет жобасы қаралды
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет Құрылтайда талқыланды. Үкімет алдағы үш жылда тапшылықты азайтып, Ұлттық қор қаражатына тәуелділікті төмендетуді көздейді.
Алайда келер жылы бюджет шығысы шекті деңгейге жетіп, тапшылық 2,3 пайыз көлемінде қалады. Бұған қоса, бірқатар шығынның негіздемесіне қатысты сұрақ бар. Депутаттар бюджет жобасын қарау кезінде осы мәселелерге басымдық бермек.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Бүгін Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланды. Бұл – жаңа Құрылтайдың алғашқы бюджеттік кезеңі. Сондықтан алдағы шешімдердің жауапкершілігі де жоғары. Жиында бюджет кірістерінің негізділігі, шығыстардың тиімділігі, мемлекеттік қарыз бен Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселелері қаралды. Ұсынылған жобаға сәйкес 2027 жылы республикалық бюджет кірістері 19 трлн 900 млрд теңге болады деп болжанып отыр. Ал шығыстар 30 трлн 200 млрд теңгені құрайды. Бюджет жобасына Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы шығыстарға тәуелсіз баға беруге мүмкіндік береді. Бұл ретте әр шығынның нақты негізі мен күтілетін нәтижесі айқын болуы қажет. Ал негізгі міндет – мемлекеттік қаражатты тиімді пайдаланып, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Қаржы тұрақтылығына әсер ететін тағы бір фактор ол мемлекеттік қарыз. Келер жылы меншікті кірістердің 40,6 пайызы борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталады. Сондықтан шығыстарды жоспарлау кезінде әр теңгенің тиімділігі ескерілуі тиіс. Осы ретте, жоғары аудиторлық палата бюджет жобасына бірқатар ескерту жасады. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларға, квазимемлекеттік секторды капиталдандыруға, мемлекеттік тапсырмалар мен әлеуметтік бағыттарға бөлінетін қаражаттың негізділігіне назар аударылды. Аудит қорытындысы бойынша палата кейбір шығыстарды қайта қарауды ұсынды. Нәтижесінде 396 млрд 300 млн теңгені қысқарту, ал негізділігі дәлелденген бағыттарға 46 млрд теңге қосу ұсынылды.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Кірістердің негізгі ұлғаюы мына факторлар есебінен болжанады: экономиканың өсуі – 1,6 трлн теңге; қосалқы құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі – 1,1 трлн теңге; басқа да факторлар – 0,5 трлн теңге. Сонымен қатар кірістердің 0,5 трлн теңгеге төмендеуі күтіледі. Салықтық түсімдердің құрылымында ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы алатын болады. Салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге, арнаулы түсімдер – 18 млрд теңге көлемінде айқындалды.
Үкімет бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін салық базасын кеңейту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және тиімсіз шығыстарды оңтайландыру көзделген. Болжам бойынша осы шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай тапшылық жалпы ішкі өнімнің 0,4 пайызына дейін төмендейді.
Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Биыл бюджеттік шығыстарды оңтайландыру нәтижесінде 44 млрд теңге үнемделді. Біз шығындардың тиімділігін тұрақты түрде талдап, нақты нәтиже бермейтін бағыттарды қайта қарастырамыз. Экономиканың негізгі – драйвері өңдеу өнеркәсібі. Оның ішінде құрылыс материалдарын, химия өнімдерін және азық-түлікті өндіру маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар 2029 жылға дейін құрылыс саласында 16–17%, көлік және қоймалау саласында шамамен 10% өсім күтіледі.
Бюджет тапшылығын жабудың тағы бір көзі Ұлттық қор қаражаты. 2027 жылы қордан 2 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған. 2028 және 2029 жылдары бұл көлем жыл сайын 1 трлн 500 млрд теңгені құрайды. Депутаттар Ұлттық қор қаражатын пайдалану кезінде оның экономикаға әсері мен бюджетке түсетін салмағын қатар бағалау маңызды екенін атап өтті.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп күтілуде. Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 пайыз деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 1,0 пайызға және 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді. Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқарады. 2027-2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2–109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды.
Жоба енді талқылаудың келесі кезеңдерінен өтеді. Депутаттар шығыстардың негізділігін, кіріс болжамдарының орындалуын және бюджет тұрақтылығына әсер ететін тәуекелдерді қарайды.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев