Ұлттық мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу жолдары талқыланды
Елордада материалдық емес мәдени мұраны сақтау және ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу мәселелеріне арналған халықаралық семинар басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Үш күнге жоспарланған жиынға Қазақстан, Қырғызстан және Тайланд Корольдігінен ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшылары қатысып жатыр. Мамандар номинациялық құжаттарды әзірлеу тәртібі мен мұра элементтерін халықаралық тізімдерге енгізу талаптарын түсіндіреді. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, музей қызметкерлері, мәдениет саласының мамандары, оқытушылар және дәстүрді тікелей жеткізушілер жиналды.
Сания Баженеева, ЮНЕСКО-ның Халықаралық фасилитаторы:
- ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясы аясындағы репрезентативті тізімге ұсынылатын номинациялар бойынша жұмыс істейміз. Бұл номинациялар не үшін қажет, репрезентативті тізімнің маңызы қандай деген мәселелер талқыланады. Сондай-ақ белгілі бір элементті тізімге енгізудің қауымдастықтар мен мемлекеттер үшін қандай пайдасы бар екені қарастырылады. Бұдан бөлек, осы білімді жеткізушілердің атқаратын жұмысы және олардың тәжірибесін одан әрі дамыту жолдары сөз болады.
Линина Пхуттитарн, ЮНЕСКО-ның Халықаралық фасилитаторы:
— Иә, бұл семинардың маңызы зор. Негізгі мақсат — номинациялық досьелерді әзірлеу. Номинациялық досье — материалдық емес мәдени мұра элементін ЮНЕСКО тізіміне енгізу үдерісіндегі маңызды құжаттардың бірі.