Тоқаев басшылығындағы Қазақстан: Berlin Today сарапшылары елдің жеті жылда қалай өзгергенін талдады

Фото: Aqorda

Қазақстанның соңғы жеті жылдағы экономикалық және әлеуметтік өзгерістері Германияның Berlin Today басылымының назарында, деп хабарлайды «24KZ».

Мақалада елдің экономикалық өсімі, шағын және орта бизнестің дамуы, өнеркәсіп, әлеуметтік инфрақұрылым және шетелдік инвестиция тарту көрсеткіштері талданған.
Басылым Қазақстанның 2019 жылдан бері жаһандық пандемия, жеткізу тізбектеріндегі іркілістер және күрделі геосаяси жағдай секілді бірқатар сынақтарды еңсергенін атап өтеді. Авторлардың пікірінше, осы кезеңде ел экономикасының ауқымы кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділік артып, Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстары нығайған.


Қазақстандағы өзгеріске толы жеті жыл

Экономикалық өсім Қазақстанның Орталық Азиядағы позициясын қалай нығайтты – бұл туралы Berlin Today сарапшылары түсіндіреді.
Әдеттегі жұмыс күнінің таңында Қазақстандағы отбасы бірнеше жыл бұрын ғана салынған пәтерінен шығып, баласын жақында ашылған мектепке апарып, өз елінде құрастырылған автокөлікпен жұмысқа баруы мүмкін. Ата-аналардың бірі ірі компанияда еңбек етсе, екіншісі цифрлық маркетплейстер арқылы тауар сатып, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдап, мемлекеттік органдармен онлайн байланыс жасайтын шағын кәсіп жүргізуі мүмкін.
Бір қарағанда бұл ешкімді таңғалдырмауы мүмкін. Бірақ осы көріністер арқылы Қазақстанның соңғы жылдары қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады. Ел жаңа кезеңге қомақты табиғи ресурстар мен салыстырмалы түрде дамыған қаржы жүйесіне және халықаралық инвестиция тартудағы көпжылдық тәжірибеге ие бола отырып, 2019 жылы қадам басты. Алайда елдің алдында Қазақстан осы артықшылықтарын халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттап, экономиканы болашақта мұнай мен өзге де шикізатқа тәуелділіктен арылта ала ма деген бұдан да күрделі мәселе тұрды.
Соңғы жеті жылдағы нәтижелер бұл үдерістің қазірдің өзінде жүріп жатқанын көрсетеді. Қазақстан жаһандық пандемияның салдарын, жеткізу тізбектеріндегі іркілістерді және барған сайын күрделене түскен геосаяси ахуалды еңсеруге мәжбүр болды. Соған қарамастан осы сынақтардан өткен ел 2019 жылмен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан ауқымды, кәсіпкерлік белсенділігі жоғары әрі сыртқы әлеммен байланысы нығая түскен мемлекетке айналды.


 Халықтың әл-ауқаты арқылы өлшенетін өсім

Соңғы жеті жылда Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 50%-дан астам өсті. Бұл бірінен кейін бірі жалғасқан сыртқы күйзелістерге қарамастан дамуын жалғастырған экономикалық өсімді, сондай-ақ бүгінде саны 20 миллионнан асып отырған халықтың өсімін көрсетеді. Аталған көрсеткіш Қазақстанды Орталық Азиядағы айрықша орны бар елдердің қатарына шығарады. Дүниежүзілік банктің 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 14 700 долларды құрады. Өзбекстанда бұл көрсеткіш шамамен 4 000 доллар, ал Қырғыз Республикасында шамамен 3 100 доллар болды.
Алайда жан басына шаққандағы табыс көрсеткіші экономиканың қалай жұмыс істейтінін толық сипаттай алмайды. Неғұрлым маңызды өзгерістер жеке кәсіпкерлік рөлінен байқалады. Қазақстанда шағын және орта бизнесте шамамен 4,5 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бұл жеті жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 31,6%-ға артық. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жоғары қарқынмен өсіп, 2025 жылдың соңында 2,3 миллионға жетті, яғни, 47,5%-ға артты. Іс жүзінде бұл Қазақстан халқының әрбір бесінші тұрғынынан астамы осы сектормен байланысты дегенді білдіреді.
Бұл – өте маңызды жайт, өйткені Қазақстан ұзақ уақыт бойы ресурстарға бай көптеген елдерге тән күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр: экономиканың негізгі бөлігінде мемлекет пен санаулы ірі компаниялардың ықпалы басым. Шағын бизнестің кеңеюі бұл құрылымдық мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Дегенмен дәстүрлі салалармен қатар елде кәсіпкерлікке негізделген неғұрлым ауқымды экономика қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында бұл өзгеріс экономикалық мүмкіндіктерді кеңірек бөлуге бағытталған ауқымды бастаманың бір бөлігіне айналды. Оның «Әділетті Қазақстан» туралы саяси ұстанымы көбіне институционалдық және әлеуметтік реформалар тұрғысынан қарастырылады. Алайда оның экономикалық мәні де зор: орнықты өсім оған қоғамның неғұрлым басым бөлігі қатысқан жағдайда ғана қамтамасыз етіледі. Жаңа кәсіпорындар, өнеркәсіптік жобалар, құрылыс және қоғамдық қызмет көрсету салалары — мұның бәрі қалалық ортаға бейімделуі артып келе жатқан халықты жұмыспен қамтуды қажет ететін еңбек нарығының қалыптасуына ықпал етті.


 
Экономикалық өсімнің нақты нәтижелері

Экономикалық көрсеткіштер материалдық сипатқа ие болғанда ғана оның мәні айқындала түспек. Қазақстанда кейінгі жылдардағы өзгерістердің едәуір бөлігін тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар мен зауыттардан анық байқауға болады. 2019-2025 жылдар аралығында елде 118,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш халық санының өсуі, тұрғын үйге сұраныстың артуы және демографиялық ахуалдың жақсаруымен тікелей байланысты. Бүгінде ел халқының саны артып келеді, қалаларға жаңа тұрғындар қоныстануда, ал жас отбасыларға тұрғын үй мен инфрақұрылым қажет.
Сондықтан қазіргі 761 мектеп пен 345 балабақшаның салынуы жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Жаңа мектептер сыныптардың шамадан тыс толуы, ірі қалалық орталықтарға көші-қон үрдісі және қазақстандықтардың жаңа буынының қалыптасуы сияқты мәселелерді шешуге бағытталған. Олардың маңыздылығы ғимараттарды салумен ғана шектелмейді. Негізгі мәселе жоғары экономикалық және демографиялық өсудің балаларға нақты қандай жақсы жағдай жасауға мүмкіндік беретіндігінде жатыр.
Денсаулық сақтау жүйесінде де осындай салмақты өзгерістер байқалады. 2023-2025 жылдар аралығында елде небәрі үш жылдың өзінде 813 медициналық нысан салынды. Оның 655-і – ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары. Осы кезеңде күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2,79 жылға ұзарып, 75,97 жасқа жетті.
Бұл өзгерісті қандай да бір саясатпен немесе құрылыс бағдарламасымен түсіндіру мүмкін емес. Өмір сүру ұзақтығына халықтың табысы, өмір салты, медициналық көмектің қолжетімділігі, қоршаған ортаның жай-күйі және демографиялық факторлар әсер етеді. Соған қарамастан өзгерістердің жалпы бағыты маңызды. Ұлттық дамудың ең айқын өлшемдерінің бірі – экономиканың қанша өнім өндіргені ғана емес, халқының ұзақ әрі саламатты өмір сүруі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі қоғамдағы осы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Оның әкімшілігі осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда жасырақ, сыртқы әлеммен байланысы нығайған және талапшыл бола түскен қоғамның сұраныстарына жауап беруге мәжбүр болды. Тұрақтылық әлі де маңызды құндылық болып қала береді. Алайда бүгінде оның маңызы халықтың өміріне нақты қандай игілік әкелетіні арқылы бағалана түсуде.

Тауарды импорттаудан өндіруге көшу

Қазақстанның экономикалық моделін тек әлеуметтік шығыстарды ұлғайту арқылы өзгерту мүмкін емес. Ел өзі тұтынатын тауарлардан артық өнім өндіріп, шикізат өндіруші салалардан тыс жерлерде жұмыс орындарын құруы қажет.
Осының жарқын мысалы ретінде автомобиль өнеркәсібін атауға болады. Соңғы жеті жылда Қазақстанда шамамен 800 мың автомобиль өндірілді. Ел ішінде құрастырылған автомобиль – халық тұтынатын тауар ғана емес. Автокөлік өндірісі жеткізушілер, логистикалық компаниялар, инженерлер, техникалық мамандар мен білікті жұмысшылардың қызметін қолдауға мүмкіндік береді.
Бұл сондай-ақ бұрыннан кенжелеп қалған өнеркәсіптік құзыреттердің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Осындай үдеріс экономиканың басқа да көптеген салаларында байқалады.
Қазақстан Үкіметінің деректеріне сәйкес, тек арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың өзінде 2025 жылдың соңына қарай 57 200-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 860 жоба іске қосылды. Бұдан бөлек, 2030 жылға дейін жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірістің өсуіне ықпал ететін тағы 200-ге жуық жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қазақстанда сондай-ақ 2025–2029 жылдары 140 өндірістік жобаны іске қосу көзделуде. Әрбір жаңа зауыт тарихи тұрғыдан шикізат экспортына едәуір тәуелді болған экономиканың өндірістік базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан өзінің табиғи артықшылықтарынан бас тартпайды. Мұнай, уран, металдар және ауыл шаруашылығы елді өркендетуге негіз болатын салалар ретінде қала береді. Нақты мақсат – аталған салалардың айналасында шикізатты ел ішінде өңдеу, дайын өнім шығаруды арттыру және отандық өндірушілерді халықаралық жеткізу тізбектеріне тарту сияқты экономиканың қосымша деңгейлерін қалыптастыру.
Дәл осы арада Қазақстанның географиялық орналасуының мәні өзгеше қырынан көріне бастайды. Көп жылдар бойы әлемдік мұхитқа шығар жолы жоқ ең ірі мемлекет мәртебесі, ең алдымен, шектеу ретінде қарастырылып келді. Бүгінде Еуразия арқылы өтетін сауда бағыттары қайта қаралып жатқан кезде, Қазақстан Қытай, Еуропа, Ресей, Кавказ және Орталық Азия өңірі арасындағы байланыстырушы буын, яғни тоғыз жолдың торабы ретіндегі рөлін барған сайын айқындай түсуде.

Аймақтағы ең ірі экономикалық платформа

Жалпы алғанда, Орталық Азия жаңғыру кезеңіне қадам басты. Өзбекстан экономикасын ашып, қарқынды даму кезеңіне қадам басты. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан да өсім қарқынының жоғары екенін көрсетуде, дегенмен олар төменірек базадан бастап отыр. Қазақстан үшін көршілес елдердің дамығаны тиімді: ол нарықтардың кеңеюіне, сауда байланыстарының нығаюына және өңір ықпалының артуына мүмкіндік береді. Алайда Орталық Азия елдерінің экономикалары әзірге қаржылық және институционалдық мүмкіндіктер деңгейі жағынан Қазақстанмен бірдей деңгейге жеткен жоқ.
        Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасының номиналды көлемі шамамен 306 млрд долларға жетті, ал Өзбекстан экономикасының көлемі шамамен 147 млрд долларды, Қырғыз Республикасының экономикасы 22,6 млрд долларды құрады. Жан басына шаққандағы табыстың жоғары болуы, жинақталған инвестициялар көлемі, неғұрлым дамыған қаржы секторы және халықаралық іскерлік инфрақұрылым Қазақстанға өңірде айрықша рөл атқаруға мүмкіндік береді.
Шетелдік инвестициялардың ауқымы осы артықшылықты айқын көрсетеді. Тек 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 20,5 млрд долларға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға артты. Қазақстан экономикасы инвестиция тартуды жалғастырып келеді. Бұл көрсеткіштердің өзі жаһандық аумалы-төкпелі кезең жағдайында да елдің халықаралық капитал тарту қабілетінің сақталып отырғанын көрсетеді.
Инвесторларды белгілі бір дәрежеде табиғи ресурстар қызықтырады, алайда мәселе мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Қазақстан ауқымды экономиканы, көршілес нарықтарға қолжетімділікті, Шығыс пен Батыс елдерімен жолға қойылған байланыстарды, сондай-ақ халықаралық бизнеске бағдарланған қаржы институттарын ұсынады. Мұндай үйлесімділікті басқа елде қысқа мерзімде қалыптастыру – күрделі мәселе.
Бүгінде Қазақстан өңірдің негізгі экономикалық платформасы рөлін атқарып отыр. Мұнда капитал тартуға, өнім өндіруге және компаниялар үшін Орталық Азияның кең ауқымды нарығына шығуына мүмкіндік жеткілікті.

Сындарлы кезеңдегі серпіліс

Жеті жыл – мемлекеттің даму тарихы үшін салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт емес. Алайда Қазақстан үшін осы бір қас-қағым кезең айтулы оқиғаларға бай уақыт аралығы болды. Президент Тоқаев 2019 жылы қызметіне кіріскеннен бері елді дағдарыстар жағдайында басқарды. Бұл орныққан саяси және экономикалық жүйелердің өзіне зор сынақ болар еді.
 
Оның басшылығы бір ғана айтулы жобамен емес, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы қарым-қатынастарды жаңаша қалыптастыруға деген ұмтылыспен сипатталды. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымға баса назар аударуды, кәсіпкерлікті қолдауды, өнеркәсіпті дамытуды және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды қамтыды.
        Сонымен қатар Қазақстан прагматикалық көпвекторлы сыртқы саясатын сақтап келеді. Бұл ірі державалардың арасында орналасқан ел үшін аса маңызды болып қала береді. Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен, сондай-ақ ислам және түркі әлемімен қарым-қатынастарды жолға қою елге капитал тартуға және геосаяси ыдырау жағдайында маневр жасау мүмкіндігін сақтауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар айтарлықтай сын-қатерлер де сақталуда. Инфляция үй шаруашылықтарының кірістеріне әсер етуде. Ірі қалалар мен ауылдық жерлер арасында елеулі айырмашылықтар әлі де сақталып отыр. Инфрақұрылым демографиялық өсімге ілесе дамуы қажет, ал мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейі бұрынғысынша жоғары. Жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары өндірістік көрсеткіштерді орындаумен ғана шектелмей, шын мәнінде бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
Бұл шектеулерді мойындау соңғы жеті жылдағы өзгерістердің ауқымын төмендетпейді. Керісінше, бұл өзгерістердің мән-маңызын айқындай түседі. Күнін жаңа пәтерде бастап, баласын жаңа мектепке апарып, орнықты экономика жағдайында еңбек етіп, ақша тауып жүрген қарапайым отбасы ешқашан өзін ұлттық өзгерістердің айғағы ретінде қабылдамауы мүмкін. Алайда түптеп келгенде, даму дәл осындай күнделікті өзгерістермен өлшенеді. Қазақстан даму жолындағы өтпелі кезеңді әлі толық аяқтаған жоқ. Дегенмен Президент Тоқаевтың басшылығымен ел бұрынғы жетістіктерді сақтап қалудан дамудың келесі кезеңінің экономикалық және әлеуметтік негіздерін қалыптастыруға көшті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз