Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Абай облысының жұртшылығымен кездесті
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Абай облысына барды.
Олар Қарауыл, Кеңгірбай би және Бесқарағай ауылдарында болды. Кеңес мүшелері өңір халқымен жүздесіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Ондағы мақсат Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Консультативтік орган өкілдеріне ауыл кітапханаларын коворкинг, цифрлық сынып пен шығармашылық аймақтардан тұратын «Жаңа клуб» орталықтарына айналдыру жобасы таныстырылды. Жұмыс тобының алғашқы өңірлік сапары - аймақтарда жүйелі мониторинг жүргізудің бастамасы.
Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Халық Кеңесінің мүшелері өңірде болғандықтан халықтың айтқан ұсыныс-пікірлерін, сұрақтарын жоғары билікке жеткізуде алтын көпір болады деп есептеймін. Жалпы енді 3 комитеттің жанынан салалық комиссиялар құрылды. Ол салалық комиссиялар жыл он екі ай жұмыс жасап отырады. Оның отырыстары өткізіліп отырады. Әр салалық комиссияға келген Халық кеңесінің мүшелері өңірдегі қойылып жатқан сұрақтарды, мәселелерді осы Халық Кеңесіндегі салалық комиссияда өткір талқылауға, салалық министрліктердің жауапты азаматтарды шақыру арқылы ортаға салу мүмкіндігі орасан зор деп есептеймін.