Биыл елде қылмыс деңгейі 15%-ға төмендеді
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Президентке елдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Ержан Сәденов заманауи криминалистикалық технологиялардың көмегімен өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыстың әшкереленгенін мәлімдеді. Қазақстан полицейлері шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты да жалғастырып жатыр. Нәтижесінде шетелде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша биыл 49 миллиард теңге мемлекетке және зардап шеккен азаматтарға қайтарылды. Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.