Білім-ғылым саласында 40 стратегиялық келісім жүзеге асырылып жатыр

Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту – қазіргі заман талабы, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет басшысы стратегиялық әріптестердің III форумындағы сөзін осылай деп бастап, салада серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Бұған қоса жеті жылда атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, елдегі реформалар жайын қаузады. Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру екенін айтып, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады.

Әлішер Әли, тілші:

- Білім саласының білікті мамандары бас қалада бас қосты. Мұнда ақыл аламанында ат оздырған жас өрен, шәкіртінің томағасын сыпырып топқа қосқан тәлімгер, тіпті шетелдегі белді білім ордаларының бетке ұстар өкілдері бар. Стратегиялық әріптестердің III форумына Мемлекет басшысы да қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев келелі жиында атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, алдағы мақсаттарды айқындап берді.

Ғылым барша адамзатқа ортақ игілік. Сондықтан саладағы әр жетістікті елдің жарқын болашағы мен сапалы тұрмысына жарату керек. Бүгінгі форумның негізгі мақсат-міндеті осы. Президент те жиында ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі маңызды екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр.

Бұдан кейін Президент жеті жылда жүзеге асқан реформалар жайын қаузады. Иә, әлеуметтік-экономикалық салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, мәселен биыл елдің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. 2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылып, елдің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады.

Жеті жылда 625 орта және ірі өндіріс орны ашылды. Нәтижесінде 3,6 млн адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ елде 118 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 36 мың шақырым автокөлік жолы салынды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға деп бағалап, алда Халықтық құрылыс бағдарламасы тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек.

Білім және ғылым саласындағы жетістік те көңіл көншітеді. Кейінгі жеті жылда білім беру гранттарына бөлінген қаржы екі есе ұлғайып, 3,4 миллиард долларға жетті. Ал ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион доллардан асты. Инфрақұрылым мен жатақхана жайы да түзеліп келеді. Иә, елде 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент оқиды. Шетел ел азаматтары да оқу ордаларымызда білім алуға құштар. Мәселен, қазір елде 40 мыңнан аса шетелдік оқып жатыр. Ендігі жоспар – 2029 жылға қарай студенттердің санын 100 мыңға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді. Алайда жаһандық бәсекелестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу.

Серіктессіз серпіліс жоқ. Елде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Білім ордаларында 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.

Енді Шымкент оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы болмақ. Шаһарда Аризона штаты университетінің оқу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Гази университетінің филиалы ашылды.

Шымкенттегі әр бесінші студент Оңтүстік Қазақстан университетінде оқиды. Президент бүгін Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасына ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс.

Форум аясында жауапты министрлік пен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл саладағы стратегиялық серіктестікке тың серпін бермек.

Ғылым тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс. Осы орайда жаһанмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы мән берген жөн. Президент те стратегиялық мақсатымыз елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру екенін баса айтты.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев

Сондай-ақ оқыңыз: