Авазада алты елдің басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады

Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының 8-ші Консультативтік кездесуіне қатысты. Авазадағы айтулы жиында алты мемлекеттің басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, су мәселелерін қаузап, жасанды интеллект саласына назар аударды. Сондай-ақ «Орталық Азия – ізгі істердің ортақ аумағы» ұранымен еріктілер форумын өткізуді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.


Әлішер Әли, тілші:

– Каспий теңізінің жағасы, Аваза қаласы. Кейінгі күндері курорттық аймақ үлкен саяси алаңға айналды. Кеше Түрікменбашы әуежайына онға тарта елдің нөмірі бірінші борттары келіп қонды. Ертең ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Артынша Каспий маңы елдерінің президенттері алғаш рет экологиялық саммитте бас қосады. Ал бүгін Авазада алты елдің басшыларының қатысуымен алқалы жиын өтіп жатыр.

2018 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан Консультативтік кездесу сегізінші мәрте шымылдығын түрді. Биылғы келелі кеңес Әзербайжан басшысының толыққанды қатысуымен ерекшеленіп тұр. Былтыр Ташкенттегі жетінші жиында бестік алтылыққа айналды. Сөйтіп, Орталық Азия басқосуына Каспийдің арғы жағындағы Әзербайжан қосылды. Бүгінгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев кездесудің мән маңызына тоқталып, қатарға қосылған Ильхам Әлиевті құттықтады. Артынша айырықша қонақжайлығы үшін Түрікменстан басшысына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады. Ең бастысы, бауырлас халықтарымыздың парасаты мен ынтымақ-бірлігінің арқасында бейбітшілік пен келісім орнаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ортақ стратегиялық тірегімізге айналды. Бұл үрдістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, халықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшыраған тұста өте өзекті.

Алты елдің экономикалық әлеуеті қарқынды. Өткен жылы өңірішілік сауда көлемі 13 млрд долларды құрады. Бұл мемлекеттердің жалпы тауар айналымының 8 пайызы. Ендігі меже көрсеткішті 20 млрд долларға дейін ұлғайту. Оны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор.

Келелі кездесуде қаузалған тақырыптардың бірі көлік логистика. Президент Орта дәлізге сұраныс артып келе жатқанын айтып, 2040 жылға қарай Каспий арқылы өтетін жүк ағыны төрт есеге өсуі мүмкін деп болжады. Жиында су мәселесі де назардан тыс қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ.

Президент еліміз Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның жасанды интеллектіні жауапты пайдалануы жөніндегі декларациясын әзірлеуді ұсынды. Жаһандық қауіпсіздікке тоқталып, волотерлар мәселесін де көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаеа «Орталық Азия – ізгі істердің ортақ аумағы» ұранымен еріктілер форумын өткізуді де ұсынды.

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:

– Жиын соңында алты елдің басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Әзербайжанның толыққанды қатысушы болуына байланысты бірқатар құжат та жаңартылды. Ал консультативтік кездесудің тоғызыншы отырысы тағы да Каспийді жағасында өтетін болды. Келер жылғы келелі кеңесті Түрікменстан, Қазақстан емес Әзербайжан қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыз: