Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жетті
Түрікменстан төріндегі келелі кеңесте ТМД елдерінің басшылары түгел бас қосты. Жиында ұйымның қызметіне және оған мүше елдердің өзара ықпалдастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Нәтижесінде 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД аясындағы көлік байланысы жылы болып жарияланды. Бұдан бөлек отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек көлік байланысын дамыту, транзит әлеуетін нығайту мәселелері қаузалды, деп хабарлайды 24KZ.
Әлішер Әли, тілші:
– Тұрақтылық пен татулықты ту еткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы. Бастапқы саны баршаға аян. Ал қазір 9 ел қалды. Бүгін ұйымға мүше мемлекеттер басшылары түгел Түрікменстанда бас қосты. Бұл сын – қатерлерді бірлесе еңсеруге, ортақ нарықтан олжа табуға таптырмас алаң. Еліміз үшін де тартымды әрі табысты болып тұр.
Мәрмардай аппақ қала Аваза кейінгі күндері келіссөздер алаңына айналды. Кеше Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдаса, бүгін 9 елдің лидерлері ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесіне жиналды. Мәртебелі меймандарды Сердар Бердумхамедов қарсы алып, суретке түсті.
Биылғы саммит Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы ұйымның 35 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Бастауы Алматы декларациясынан тамыр тартатын ТМД сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін ортақ алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев осыны тілге тиек етіп, ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ортаға Келешекте достықтың қандай болғанын қалаймыз деген сауал тастап, ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Тәуелсіз Мемлекеттер Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді.
Экономикалық ықпалдастықты тереңдету, индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Мұны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Елдің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде. Былтыр Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті көтеретін әлі де әлеует бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 млрд доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келелі кеңесті ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды.
Көлік байланысын дамыту, транзит әлеуетін нығайту мәселесін де қаузады. Президент осы ретте жүк тасымалын цифрландыру маңызды екенін айтып, басты мақсат – бірыңғай цифрлық дәліз қалыптастыру деді. Жиында жасанды интеллект тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы сала мамандарының ТМД аясындағы форумын өткізуді ұсынды. Жиын Астанада келер жылдың бірінші тоқсанында болуы мүмкін.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени және гуманитарлық байланыстарға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынамын.
Президент Ұйымның әлемдік аренадағы беделін арттырудың маңызына тоқталып, алғашқы ТМД+ саммитін ұйымдастыру жайын айтты. Бұл қадам Достастықтың халықаралық рөлін күшейте түспек. Ал ұйымға төрағалық кезегі келер жылы Өзбекстанға көшеді.
Артынша келелі кеңес кеңейтілген құрамға ұласты. Оған 9 елдің басшыларынан бөлек Иран Президенті Масуд Пезешкиан қатысты.
Рахым Сапармырадов-Махтумкули атындағы Түрікмен мемлекеттік университетінің оқытушысы
Жиын соңында ТМД қызметіне және Ұйымға мүше елдердің өзара ықпалдастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Достастыққа мүше елдер басшыларының шешімі бойынша 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД аясындағы көлік байланысы жылы болып жарияланды.