Алдағы үш жылдың бюджеті мен жаңа наградалар Құрылтай отырысында қаралады
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы отырыстың күн тәртібі бекітіліп, депутаттардың қарауына шығарылатын маңызды заң жобалары белгіленді. Жиында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет пен мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Құрылтайдың алдағы отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Бұл құжат макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақтылы орындауға және инфрақұрылымды озық түрде дамытуға бағытталған. Жобаға сәйкес, алдағы орта мерзімді кезеңде Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) орташа өсу қарқыны 5,4% деңгейінде болжанып отыр.
Бюджет жобасы бойынша жылдық инфляция 2027 жылы 7,5-9,5% дәлізінде қалыптасып, 2029 жылға қарай 6%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Сондай-ақ республикалық бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 0,4%-ға немесе 1 триллион теңгеге дейін қысқарту, ал өз түсімдерін 23,4 триллион теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Алдағы жылы қаржының негізгі бөлігі адами капиталды дамытуға, өңірлерді қолдауға және экономиканың нақты секторына бағытталады.
Жиында сонымен қатар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы екінші оқылымда қаралатыны айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген бұл түзетулерді Құрылтай депутаттары бастамашы етіп көтерген болатын.
Жаңа заң жобасы музыка және бейнелеу өнері саласының өкілдерін марапаттау мақсатында ерекше белгілерді – «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізуді көздейді.