ТМД елдерінің басшылары Түрікменстанда бас қосып, бірқатар құжатқа қол қойды

Түрікменстан төріндегі келелі кеңесте ТМД елдерінің басшылары түгел бас қосты. Жиында ұйымның қызметіне және оған мүше елдердің өзара ықпалдастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. 

Нәтижесінде 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД аясындағы көлік байланысы жылы болып жарияланды. Бұдан бөлек, отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде теңізін құтқарып қалу үшін бірігуге шақырды. Президент Каспий экология саммитінде сөйлеген сөзінде айдынның аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып, бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.


Әлішер Әли, тілші:

– Тұрақтылық пен татулықты ту еткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы. Бастапқы саны баршаға аян. Ал қазір 9 ел қалды. Бүгін ұйымға мүше мемлекеттер басшылары түгел Түрікменстанда бас қосты. Бұл сын-қатерлерді бірлесе еңсеруге, ортақ нарықтан олжа табуға таптырмас алаң. Еліміз үшін де тартымды әрі табысты болып тұр.

Мәрмәрдай аппақ қала Аваза кейінгі күндері келіссөздер алаңына айналды. Кеше Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдаса, бүгін 9 елдің лидерлері ТМД мемлекет басшыларының кеңесіне жиналды. Мәртебелі меймандарды Сердар Бердумхамедов қарсы алып, суретке түсті.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. Биылғы саммит ұйымның 35 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Бастауы Алматы декларациясынан тамыр тартатын ТМД сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін ортақ алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев осыны тілге тиек етіп, ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ортаға Келешекте достықтың қандай болғанын қалаймыз деген сауал тастап, ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәуелсіз мемлекеттер келешекте достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді.

Экономикалық ықпалдастықты тереңдету, индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Мұны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Елдің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде. Былтыр Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті көтеретін әлі де әлеует бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 млрд доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев келелі кеңесті ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды.

Көлік байланысын дамыту, транзит әлеуетін нығайту мәселесін де қаузады. Президент осы ретте жүк тасымалын цифрландыру маңызды екенін айтып, басты мақсат – бірыңғай цифрлық дәліз қалыптастыру деді. Жиында жасанды интеллект тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы сала мамандарының ТМД аясындағы форумын өткізуді ұсынды. Жиын Астанда келер жылдың бірінші тоқсанында болуы мүмкін.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени және гуманитарлық байланыстарға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынамын.

Президент Ұйымның әлемдік аренадағы беделін арттырудың маңызына тоқталып, алғашқы ТМД+ саммитін ұйымдастыру жайын айтты. Бұл қадам Достастықтың халықаралық рөлін күшейте түспек.

Ал ұйымға төрағалық кезегі келер жылы Өзбекстанға көшеді. Артынша келелі кеңес кеңейтілген құрамға ұласты. Оған 9 елдің басшыларынан бөлек Иран Президенті Масуд Пезешкиан қатысты.

Рахым Сапармырадов, Мақтұмқұлы атындағы Түрікменстан мемлекеттік университетінің оқытушысы:

– Жиын соңында ТМД қызметіне және Ұйымға мүше елдердің өзара ықпалдастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Достастыққа мүше елдер басшыларының шешімімен 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД аясындағы көлік байланысы жылы болып жарияланды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Каспий экологиялық саммитіне қатысты.

Президент Каспий экология саммитінде сөз сөйледі

Тымырсық күн, тып-тымық теңіз. Буырқанған, бұлқынған Қарт Каспий кейінгі кездері жуасып қалғандай. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 30 жылда алып айдын 2,5 метрге тартылған. Яғни жылына 8-9 сантиметр бой тастайтын көрінеді. Теңіз бес мемлекеттің шекарасын ғана емес, тағдырын да байланыстырып тұр. Сондықтан Каспийдің деңгейін бақылау, оны қорғау – осы бес елдің ортақ міндеті.

Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі. Күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Алып айдынды сақтап қалу – жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Президент жиындағы сөзін осылай деп бастады. 25 жылда тартылған теңіз аумағы 16 мың шақырымнан асқанын айтып, итбалықтардың саны 1 млн-нан 270 мыңға дейін азайғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжағанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты.

Солтүстік Арал теңізінің айдыны 36 пайызға ұлғайды. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Бұдан бөлек елде киік саны өсіп, қар барысының популяциясы сақталды. Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарлама қабылданды. Экологиялық саммитте Президент орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтіріп, Каспий ынтымақтастығының берік халықаралық ынтымақтастық негізі қалыптасқанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының Президенті:

– Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді.

Каспий мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Бізде жемісті жұмыс атқаруға қажеттінің бәрі бар. «Президен сөзін осылай деп түйіндеп, Бірлескен күш-жігердің арқасында халықтарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай алатынымызға сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Автор: Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: