Қазақстанда 417 тонна алтын қоры анықталды

Қазақстан минералды шикізат базасын кеңейтіп жатыр. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша бірнеше пайдалы қазба қоры ұлғайған. Мәселен, Қызылорда облысында қосымша 308 тонна мұнай анықталып, алтын қоры 417 тоннаға өсті, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстанда былтыр қосымша 417 тонна алтын қоры анықталды. Олардың қатарында жаңадан табылған кен орындарынан бөлек, қайта бағаланған шахталар бар.

Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының орынбасары:

– Қарашоқы мен Майлықара сияқты ірі кен орындары қайта бағаланды. Тағы 10 жаңа нысанды мемлекеттік тіркеуге қойдық. Олардың көбі шағын. Арасында Тақыр-Қалжыр кен орны сияқты ірілерін атап өтуге болады.

Бұл еліміздің кен игеру саласында әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, болжамды қор мен нақтыланған қордың арасындағы айырма айтарлықтай болуы мүмкін. Барлығы кеннің құрамы, тереңдігі мен экономикалық тиімділігіне байланысты.

Тельман Шуриев, тау-кен саласының тәуелсіз сарапшысы:

– Қорға Ұлттық банк аффинаж зауыттарынан сатып алатын алтын құймаларды ғана жатқызуға болады. Олар өз кезегінде валюта резервіне қосылады. Қазақстан әлемдегі алтын құймаларын ең көп сатып алатын елдер қатарына кіреді. Яғни ресурстар қорға айналуы үшін инвестиция мен технология керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Үлкен Қарашоқы мен Майлықара кен орындары қазірдің өзінде алтын өндіруге көшкен. Ал қалған кеніштердің тиісті құжаттары рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар мемлекет барлау жұмыстарын жандандыруға ден қойған. Қазір мемлекеттік реестрде тіркелген кеніштер саны он мың шамасында.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әлішер Әшімов

Сондай-ақ оқыңыз: